Қызылордалық жастар «Жасыл аймақ» экологиялық акциясына белсене қатысты
ҚЫЗЫЛОРДА. 26 сәуір. Қызылорда облысының жастары «Жасыл аймақ» экологиялық акциясына тағы да белсене атсалысып жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының үшінші аптасы Сыр өңірінде де «Жасыл аймақ» атауымен жалғасты. Осыған орай бүгін туған өлкесін түлетуге атсалысып жүрген аймақтың 100-ге жуық белсенді жастары қатысты. Олар қаладағы Қорқыт ата ескерткіші маңына жағалай Сыр сәмбі талын екті. Акцияға осылай қолдау білдірген жастар ескерткіш аумағын қоқыстардан тазартып, ондағы ағаштар діңгектерін әктеп, сырлады.
Бұдан бөлек, жастар экоакцияны қызықты әрі ерекше өткізу мақсатында тұрғындарға тіл үйірер тәтті балмұздақтар таратып, ескерткіш аумағында «Бауырсақ party» шарасын ұйымдастырды. Қала тұрғындары жастардың мұндай белсенділігіне ризашылықтарын білдіріп, өз алғыстарын жеткізді.
Көппен бірге атқарылған жұмыс көңіл қуантады. Игі шара барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студент жастары, волонтерлер және республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалының мүшелері, ассамблея жастары экологиялық акцияда белсенділік танытып, тазалық жұмыстарын жүргізді.