Сыр елінде «Жасыл аймақ» апталығы үлкен белсенділікпен өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 26 сәуір. Қызылорда облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы зор өрлеу үстінде өтіп жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сыр елінде аталмыш шара бүгін жалпыоблыстық сенбілік түрінде қанат жайды. Оған аймақтың барлық аудандарының тұрғындары белсене араласты. Акция нағыз патриоттық қозғалысқа айналды.
«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде қарқынды түрде жалғасуда. Экоакцияның әр аптасы арнайы тақырыптарға негізделген», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Акцияның «Жасыл аймақ» атауымен жалғасқан үшінші аптасында саябақтар, скверлер, парктер мен аллеялар аумақтарын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар қолға алынды.
Атап айтқанда, ардагерлер қауымы «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылды ұстанып, «Жасыл аймақ» акциясына бір ауыздан үн қосты. Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов бастаған қазыналы қарттар Қорқыт ата ескерткіші маңына гүл егіп, айналаны таза ұстауға шақырды.
Ал аймақтың белсенді жастары қаладағы белгілі бір жерлерге Сыр талын егіп, «Жасыл аймақ» апталығына қолдау білдірді. Бұдан бөлек, олар экоакцияны қызықты әрі ерекше өткізу мақсатында тұрғындарға балмұздақ таратып, ескерткіш аумағында «Бауырсақ paty» шарасы ұйымдастырылды.
Сыр ұстаздары да республикалық экологиялық акцияға жаппай қатысты. Білім саласының қызметкерлері мен бір топ ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ «Аманат» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қаладағы Б.Шөкенов атындағы саябақта ағаш діңгектерін әктеп, аумақты түрлі қоқыстардан тазартты. Шара барысында «Караоке баттл», «Бауырсақ party» секілді ерекше бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, түрлі бейнедегі аниматорлар тұрғындарды қуанышқа бөледі.
Сонымен қатар, игілікті шараға 100-ге жуық медицина саласының қызметкері өз үлестерін қосып, облыстық медициналық орталықтың алдына саялы ағаштар көшеттерін отырғызды.
Жаңадан шаңырақ көтерген 10 жас отбасы өткен жылы ел игілігіне тапсырылған «Отбасы орталығының» аумағына ағаш көшеттерін қадады. Шара соңында жас отбасылар естелік ретінде фотозоналарда түсірілім жасап, көтеріңкі көңіл күйде шараны қорытындылады.
Жалпыоблыстық сенбілік аудандарда да мәні-мазмұны айшықталған ерекше іс-шаралармен жалғасуда. Атап айтқанда, аралдықтар аудан көлемінде ағаш көшеттері мен гүл отырғызу жұмыстарын белсенді жүргізді. Биыл Арал қаласында 3000 түп ағаш егу межеленген.
Қазалы ауданының тұрғындары да игі бастаманы қолдай отырып, аталған акцияға ерекше атсалысты. Аудандағы денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен Әйтеке би кенті Жанқожа батыр көшесіндегі су арналарын қоқыстан тазартты. Бұдан бөлек, ауданда 300 түп қаламша мен гүл көшеттері сап түзеді.
Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінде экоакция аясында аудан ардагерлерінің, белсенді жастар мен мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен «Жеңіс» саябағына 200 түп ағаш көшеттері қондырылды.
Еңбектің көзін тапқан, 41 Социалистік Еңбек Ері шыққан Шиелі ауданындағы іргелі уран өндіретін кәсіпорындар – «Ру-6», Semizbai-U ЖШС-нің Иіркөл кеніші қызметкерлері мекеме аумағын көгалдандырды.
Ал жаңақорғандықтар аудан орталықтарында орналасқан «Прайм парк» саябағында тазалық шараларын жүргізді.