Қазақстанның үш өңірінде діни экстремистік ұйымның мүшелері ұсталды
АСТАНА. 20 сәуір. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен еліміздің үш өңірінде діни экстремистер ұсталды. Бұл туралы Aikyn.kz ақпарына rast.kz хабарлайды.
Рейд Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында жүргізілді. Оның қорытындысында 4 адам қолға түсті.
Ұсталғандарға республика аумағында тыйым салынған діни-экстремистік ұйым құруға қатысты және оны ұйымдастырды деген күдік таңылып отыр.
Күдіктілердің тұрғылықты жерлеріне жүргізілген тінтулер кезінде көптеген діни әдебиеттер мен басқа да заттай айғақтар алынды.
Қазір олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Атап өтетін жайт, ұсталған адамдардың екеуі бұған дейін осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған.
Сот ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесін шешіп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.