20 жыл бұрынғы сауда: АГУ-дің ғимараты – арзан, жері – су тегін
Алматы қаласының прокуратурасы жұрт АГУ атап кеткен Абай атындағы ҚазҰПУ аумағында орналасқан бірнеше жер телімі мен ауданы 1 397 шаршы метр болатын №4 ғимараттың заңсыз сатылып кеткенін хабарлады.
Қазіргі күнде жер телімдері мен ғимарат университеттен жеке компания меншігіне қалай өтіп кеткені анықталып жатыр.
Су тегін сатылған жер мен ғимарат
2003 жылы қазіргі Абай университетінің №4 ғимараты сатып алу-сату шарты бойынша бағалаусыз және конкурссыз 5 млн теңгеге «Фирма Зураб» (қазіргі «ST Advisory») ЖШС-ға сатылып кеткен. Ғимаратты сату келісімшартын сол кездегі ректор Тоқмұхамед Садықов жүзеге асырған. Ал компания құрамында оның туыстары болған. Екінші келісімшарт 2003 жылы 29 желтоқсанда сол кездегі Алматы қаласының әкімі Владимир Храпунов пен «Фирма Зураб» ЖШС арасында жер телімін сатып алу бойынша шарт жасалған. Әкім қол қойған 0,1870 га учаске небәрі 2,2 млн теңгеге бағаланған. Кейіннен компания бұл жерді коммерциялық мақсатта пайдаланған.
2005 жылы ғимаратты сатып алған фирманың құрылтай мүшелігіне ректордың ұлы Еркін Садықов кірген. Кейіннен ол шығып, 2018 жылы Тоқмұхамед Садықов немересі Сыздық Тоқмұхамедов құрылтай құрамына енген. Қазір аты ST Advisory болып өзгерген компания құрылтай мүшелігі құрамында Еркін Садықовтың ұлы мен әйелі бар. Садықовтар әулеті ғимаратты жекешелдіріп алғаннан кейін оны қайтадан университетке жалға бере бастаған. Мысалы, ғимаратты жалға алуға аталған білім ордасы 2018 жылдан бері 80 млн теңге жұмсаған. Тағы бір айта кететін жайт, Алматы прокуратурасы ұсынған ақпаратта «Фирма Зураб» компаниясы осы істі жүзеге асыру үшін қылмыс әлеміндегі авторитеттерді іске араластырған деген де мәлімет бар.
Тоқмұхамед Садықов Абай атындағы ҚазҰПУ-ды 21 жыл басқарды. Фото: ашық дереккөз
Абайдың «мәңгілік ректоры» және әке жолын қуған ұл
Тоқмұхамед Садықов елімізге белгілі ғалым. 1987 жылдан 2008 жылға дейін Абай университетін басқарып, «бессменный» ректор атанған. КСРО дәуірінде Қазақ КСР-і жоғары және орта арнайы білім беру министрінің орынбасары қызметін де атқарған. Тарих ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері. Қазақ КСР Еңбек сіңірген мұғалімі. Педагогика ғылым академиясының құрметті академигі. 400-ден астам еңбектің авторы. ҚазҰПУ-ды бірнеше жыл басқарған Тоқмұхамед Садықов 2009 жылы қайтыс болды.
Еркін Садықов. Фото: Ашық дереккөз
Енді, міне, арада соншама жыл өткенде заңсыздық туралы сөз болып отыр.Әкесінің ізін қуып ғылым және ұстаздық жолды таңдаған Еркін Садықов та ғалым, экономика ғылымының докторы, доцент. Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі басқарма бастығының орынбасары, индустрия және сауда министрлігі департамент директорының орынбасары, бас басқармасы бастығының орынбасары, Алматы қаласы сыртқы экономикалық және мәдени байланыстар комитетінің төрағасы, білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті төрағасының орынбасары, т.б. қызметтер атқарған. Қазір Торайғыров университетінің ректоры. Ол дәл бүгінде ST Advisory ЖШС-ға қатысы болмаса да «Геотурсервис» дейтін компанияның иесі.
«Геотурсервис фирмасы» ЖШС
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасында соңғы рет 2013 жылғы 3 қаңтарда тіркелген.
Фирманың директоры – Садыков Еркин Токмухамедович (бұдан кейін компанияға қатысы бар адамдар құжат бойынша жазылатынын ескертеміз – ред). Құрылтайшысы – оның ұлы Токмухамедов Сальмен Еркинович.
Алматы қаласында орналасқан компания жеке жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы 25 228 336 теңге. Былтыр 500 мың теңгеден аса салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
«Фирма Зураб» қандай компания?
Зерттеу мақаламыздың басынан бері айтылып келе жатқан «Фирма Зураб» – қазіргі ST Advisory компаниясының өзіне тоқталып өтейік. Қазіргі күнде бұл компания табысты жұмыс істеп келеді. Құрылтай құрамы баяғыдай Садықовтар әулеті. Сонымен:
ST Advisory ЖШС
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасында алғаш рет 2002 жылы 14 шілдеде тіркеуден өткен. Кейіннен 2018 жылы 13 шілдеде қайта тіркелген. Мектепке дейінгі білім берумен айналысады.
Директоры – Галаева Елена Курейшевна. Құрылтайшылары – Садыкова Мира Женисовна және Токмухамедов Сыздык Еркинулы.
Мекенжайы – Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Орбита-4, үй 25А. 2GIS-тің мәліметінше, сол мекенжайда «Солнышко» атты жекеменшік балабақша орналасқан.
Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 382 601 408 теңге. Мемлекеттік кірістер комитеті аталған кәсіпорынның 2023 жылы төлеген салығын 2 700 257 теңге деп көрсетіпті. Ал statsnet қызметінің мәліметінше, ЖШС-ның былтырғы салығы – 7 808 192 теңге. Жалпы қазынаға аударған қаржысы – 81 424 684 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
Еркін Садықовтың әйелі Мира Садықованың компаниялары
Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес, Мира Садықованың ресми 3 компанияға қатысы бар. Олар: жоғарыдағы біз айтып өткен ST Advisory ЖШС, «Инновациялық тәжірибешілер» қоғамдық бірлестігі және Management NC ЖШС. Енді бұлар туралы жеке тоқталып өтейік:
«Инновациялық тәжірибешілер» қоғамдық бірлестігі
Жетісу облысының әділет департаментінде 2013 жылы 25 шілдеде алғаш тіркеуден өткен. Директоры – Байболатова Бакыт Кусмановна. Құрылтай құрамында 15 адам бар. Соның бірі – Мира Садықова.
Талдықорған қаласында орналасқан бірлестік туралы көп мәлімет жоқ. Тек 2017 жылғы ақша айналымы 21,5 млн теңге болған, сол жылы қазынаға аударған қаржысы 500 мың теңгеге жуық.
Management NC ЖШС туралы да деректер аз. Аталған ЖШС Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2014 жылы тіркеуден өткен.
Директоры – Садыкова Мира Женисовна. Құрылтай мүшесі – Шокыбаев Женис Акимжанович.
Білім саласы бойынша қызмет көрсететін компанияның жылдық ақша айналымы туралы мәлімет кездеспейді, тек 2016 жылы 4 мың теңге салық төлепті. Бұл екі кәсіпорынның да мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
Бұдан бөлек, оның Садыкова Мира Женисовна деген жеке компаниясы да бар. ЖК 2009 жылы Алматы қаласы Медеу ауданында тіркелген. Жылжымайтын мүлік операцияларымен айналысады. 2022 жылғы ақша айналымы 40 млн теңгеден асады, осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 7,5 млн теңгеге жуық қаржы аударған.
Заңсыз сатылған ғимарат пен жер телімдері қайтадан университет меншігіне өте ме?
Ең алдымен ақпанда Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ҚазҰПУ аумағында орналасқан тұрғын емес үй-жайларды сатып алу-сату шартының бұзылғаны туралы анықтап, кейін сотқа арыз берген. Бірақ арызын қайтарып алған. Кейіннен бұл істі Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы жүргізе бастаған. Ал Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті арыз беруші тарап емес, тек үшінші тұлға ретінде қатысқан. Аталған іс бойынша ST Advisory ЖШС №4 корпусты Абай атындағы ҚазҰПУ университетіне қайтаруға міндеттелді. Медеу ауданы прокуратурасының талап арызы бойынша бұл шешімді Алматы қаласының экономикалық соты ғимаратты сатып алу-сату шартын заңсыз деп таныған.
Бұл мәселе бойынша Абай атындағы университетке хабарластық.
«Медеу ауданының прокуратурасы мен Алматы қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бірлескен жұмысы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың заңсыз иеліктен шығарылған жылжымайтын мүліктерін қайтаруға бағытталды. Жер телімдері мен ғимарат 1997-2003 жылдар аралығында жекешелендіріліп, университеттің аффилиирленген тұлғаларының меншігіне өткен. Медеу аудандық сотының Алматы қаласы Қазыбек би көшесі, 28 мекенжайындағы үй-жай мен іргелес жер учаскесін университет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады. Мұны ректор жеке бақылауға алды. Қазіргі күнде иеліктен заңсыз шығарылған мүліктік объектілерді қайтару жұмыстары жалғасуда», деп жауап берді университет тарабы.
P.S. Айтпақшы, Абай университетіндегі заңсыз сатылып кеткен жер телімдері мұнымен бітпейді. Бұған дейін де Медеу аудандық прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мүлкін заңсыз иелену бойынша бірнеше фактіні анықтаған. Мысалы, 1997 жылы жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет, оқу корпусы ғимаратының бiр бөлiгiн 196 000 теңгеге заңсыз сатқан. Сол жылы 62 000 теңгеге 26 сотық жер телімі де заңсыз сатылған. «Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштеріне жатады, ал жер учаскесінде қаланың ең ескі сәулет құрылыстарының бірі – «Ескі қақпа» орналасқан. Кейіннен оқу корпусының ғимаратында «Ескі қақпа» атты мейрамхана ойын-сауық мекемесі ұйымдастырылған» деп мәлімдеді Алматы прокуратурасы. Сот шешімімен қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылып, мүлік қайтарылып, шешім заңды күшіне енген. «Жас Алаш» тілшісі Абай университеті ісі бойынша Медеу аудандық прокуратурасына сауал жолдады. Алдағы уақытта олардың жауабын жариялайтын боламыз.
Тұрсынбек БАШАР,
zhasalash.kz
24 сәуір 2024 жыл