Тәжікстанда жемқорлық жайлы кітап шығарғандар 6,5 жылға сотталды
ДУШАНБЕ. 23 ақпан. Тәжікстан жоғарғы соты елдегі жемқорлық жайында жанжалды кітап шығарған автор мен баспагерге 6,5 жылға дейін түрмеде отыру жазасын кесті. Бұл туралы Asia-Plus ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Тәжікстанның жоғарғы соты «Ибн Сино» клиникасының егесі және «Менің өмірімнің оқиғалары» («Хаводиси рузгори ман») кітабының авторы Абдухалил Холикзоданы алты жарым жылға бас бостандығынан айырды. Сол сияқты бизнесменге кітап жазуға, оны баспадан шығаруға жәрдемдескен жазушы Абдукодир Рустам мен «Эргарф» баспасының директоры Сухроб Раджобзодаға тиісінше төрт жарым жыл және бір жыл түрмеде отыруға үкім етілді.
Сотталушылардың үшеуіне де әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, өңірлік, діни араздықты немесе алауыздықты қоздырды деген айып тағылды. Бұл істің қозғалуына кәсіпкер Абдухалил Холикзоданың Тәжікстандағы жемқорлық пен нашар бизнестік ахуал жайлы ашық жазған кітабы болды, автор онда сондай-ақ соңғы 25 жылда елдегі мәдениет пен білім деңгейінің қатты құлдырап кеткенін кеңінен сөз ете келіп, мұның бәріне билікті кінәлайды.
Сот отырысы уақытша ұстау оқшаулығышында іс жүзінде жабық жағдайда өтіпті. Бірақ билік әзірге үкім жайлы ештеңе айта қойған жоқ.
«Азия-Плюс» агенттігінің бірнеше мәнбесі сот отырысының 22 ақпанда өтіп, үкім шығарылып қойылғанын баян етті.
Бірақ кейбір мағлұматтарда алшақтықтар бар. Мәселен, «Эргарф» баспасының директоры Сухроб Раджабзодаға қатысты ақпарат әртүрлі болып айтылып жатыр.
Айта кету керек, қазір Францияда тұратын журналист Зафари Суфи Facebook әлеуметтік желісінде үкімнің шығарылып қойылғанын жазды.
Сотталғандардың туыстары да соттың кеше өткенін растады, бірақ оның нәтижесі жөнінде әлі ресми ақпар жоқтығын жеткізді.
Бүкіл елді дүрліктірген «Хаводиси рузгори ман» кітабының авторы Абдухалил Холикзода 2033 жылғы 7 тамызда ұсталды. Бас прокуратура мұны 15 тамызда хабарлады. Кітаптың бар тиражы жинап алынды. Ал тамыздың аяғында белгілі жазушы және әдеби сыншы Абдукодир Рустамға да бұғау салынды. Арада біршама уақыт өткесін, «Эргарф» баспасының директоры Сухроб Раджабзода да қамалды.
Тәжікстанның бас прокуроры Юсуф Рахмон бизнесмен Абдухалил Холикзодаға «тәжік халқын қорлады, адамдар арасындағы кекті, жеккөрушілік пен араздықты қоздырды, оларды түрлі мазхабтары мен діндеріне қарай бөліп тастады, елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірді» деген айып тақты.
Бас прокурор Юсуф Рахмонның өзі президент Эмомали Рахмонның құдасы еді, оның ұлы мемлекет басшысының кіші қызын алып отыр.
Абдухалил Холикзоданың «Менің өмірімнің оқиғалары» атты естелік кітабы өткен жылғы наурызда оқырман қолына тиген болатын. Ол бірден жұртшылықтың қызу талқысына түсті. Халықты 90-шы жылдардың басындағы азамат соғысы оқиғалары да, одан бергі кезеңдегі экономиканы дамуы, жемқорлықтың кеңге жайылуы, мәдениет пен білімнің жайы жөніндегі ойлар да бей-жай қалдырмады. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар, әсіресе, қазіргі тәжік қоғамындағы ең күрделі мәселелердің бірі – жершілдік пен трайбализм ахуалына қатысты ойларын көбірек ортаға салды. Оқырманның біразы авторға халықты жерлеріне қарай бөліп тастады, азамат соғысы тұсындағы оқиғаларға орай өз жағының сойылын соғып кетті, басқаларды жазықсыз жазғырды деген мазмұнда айып тақты. Осыдан келіп, тәжік қауымында жақ-жақ болып айтысу басталып кетті. Билікке, әлбетте, бұл ұнай қойған жоқ.
Суретте: Абдукодир Рустам мен Абдухалил Холикзода