Наурызбай Байқадамов – Сенатқа Қызылорда облысынан сайланған депутат
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 сәуір. Бүгін Қызылордада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауы өтіп, онда Наурызбай Байқадамов депутат болып сайланды. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Сайлау 2020-2024 жылдары Парламент Сенатының Қызылорда облысынан сайланған депутаты болған, 2024 жылдың 6 ақпанында Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарованың орны үшін өткізілді.
Ол облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттарынан құралған таңдаушылардың жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізілді. Оған таңдаушылар тізіміне енген 152 мәслихат депутатының 147-сі қатысты.
Сайлау таңдаушылардың бірлескен отырысында өткізілді.
Парламент Сенаты депутатының мандатына Наурызбай Байқадамов, Алмасбек Есмаханов және Абайбек Жүнісов есімді үш үміткер тіркелді. Нәтижесінде Наурызбай Сейітқалиұлы Байқадамов 116 дауыс жинап, Сенат депутаты болып сайланды. Ол бұған дейін Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы болып қызмет атқарып келген еді.
Наурызбай Байқадамов 1967 жылы туған. Н. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген, тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің академиялық доценті. Еңбек жолын 1991 жылы Сырдария ауданындағы №139 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 1994-2003 жылдары – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі. 2003-2008 жылдары – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанындағы колледж директоры, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2016-2019, 2021-2023 жылдары Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, 2019-2021 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды. Ал 2023 жылы наурыз айында облыстық мәслихаттың хатшысы лауазымына қайта оралды.