Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Зеленский Ресей әскерлерінің Изюмдегі айуандықтары туралы айтты

КИЕВ. 16 қыркүйек. Украина президенті Володимир Зеленский Ресей оккупанттарының Харьков облысына қарасты Изюм қаласында жасаған айуандықтарына әлем назарын аударды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

Президент Владимир Зеленский өзінің кеше кешкілік жасаған үндеуінде жұма күні Изюмде жүргізілетін жаппай кісі жерлеу шарасына украин және халықаралық журналистер қауымы қатысатынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ орыс солдаттары жасаған осы қылмыстарға қатысты көптеген деректердің жұртқа таратылатынын айтты.

«Харьков түбіндегі Изюмде жаппай көмілген көптеген адамдар табылды. Осыған байланысты процессуалды әрекеттер басталып кетті. Нақты, анық, тексерілген ақпарат ертең белгілі болуға тиіс», – деді ол түнде сөзінде.

«Ертең Изюмде украин және шетелдік журналистер болады. Біз Ресей оккупациясының украин жерінде не істеп жатқанын әлем жұртшылығы білсе дейміз. Буча, Мариуполь, енді, міне, өкінішке қарай, Изюм… Ресей барлық жерде өлім ұрығын сеуіп жатыр. Бұл үшін ол жауап беруге тиіс. Әлем Ресейді осы соғыс үшін нақты жауапкершілікке тартуы тиіс. Біз осылай болуы үшін бәрін жасаймыз», – деді Зеленский бұдан әрі.

Бұдан бұрын Харьков облыстық полициясы тергеу бөлімінің бастығы Сергей Болвинов жаудан азат етілген Изюмде басқыншылар өлтірген 440-тан астам адамның мәйіті табылғанын баяндаған болатын.

Бұдан кейін бір әйелдің көшеде өз көлігімен кетіп бара жатқан 50-дегі ұлын басқыншылардың жайдан-жай атып тастай салғанын айтып, зар жылап тұрған видеосы тарады.

Зеленский Ресей оккупанттарының Харьков облысындағы Изюм және Балаклея қалаларында білгендерін істеп, неше түрлі айуандық әрекеттер жасағанын, Киев облысында тұрғындарды азаптап, балабақшалар мен мектептерді, басқа да инфрақұрылымдарды қиратқандарын айтты.

Қыркүйектің басында Харьков облысында Украина Қарулы күштері Ресей басқыншыларына қарсы шабуылды бастады. Олар сол бойда Купянск және Балаклея елді мекендерін жаудан босатып, өз бақылауларына алды. 10 қыркүйекте оккупанттар Изюмді де тастап шықты. Мұнда 14 қыркүйекті Володимир Зеленский десант әскерлерімен бірге Украина жалауын желбіретті.

Осы кезге дейін украин сарбаздары өз елдерінің 8000 шаршы шақырым жерін жау шеңгелінен босатты.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button