Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Си Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтты

АСТАНА. 14 қыркүйек. Астанаға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсететіндерін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорда сайтына сүйенген rast.kz хабарлады.

«Ақорда» резиденциясында ҚХР төрағасын ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөз өткізетін залға барды.

Бұдан кейін Қазақстан мен Қытай басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай лидеріне шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне ризашылығын білдірді.

Си Цзиньпин қазақ-қытай қарым-қатынастарының дамуын жоғары бағалап, бүгінгі сапарының екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілетуге тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды.

– Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетінін тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз, – деді Қытай басшысы өзінің сөзінде.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button