Ресей газ-мұнай саласының жетінші топ-менеджері қаза тапты
МӘСКЕУ. 2 қыркүйек. Кеше Мәскеуде Ресей газ-мұнай саласының тағы бір топ-менеджері жұмбақ жағдайда қазаға ұшырады. Бұл туралы The Moskou Times хабарлады.
Қазір Ресейде «Билік өз адамдарынан осылай біртіндеп құтылып жатыр» деген қауесет тарап жатыр.
«Ресей мұнай-газ саласын жайлап алған жұмбақ өлімдер толқыны тағы бір жоғары лауазымды топ-менеджерді о дүниеге алып кетті», – деп жазды басылым.
Бейсенбі, 1 қыркүйек күні «Лукойлдың» вице-президенті Равиль Маганов Мәскеудегі Маршал Тимошенко көшесіндегі Орталық клиникалық аурухананың терезесінен құлап кетіп, оқиға орнында қаза тапты.
«Лукойлда» ол құрылған 1993 жылдан бері жұмыс істеп келген 68 жастағы Магановтың денесін аурухана персоналы тауып алды. «Инцидент 07:00 шамасында орын алған» деп баяндады мәнбе ТАСС тілшісіне. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері оқиға орнында бақытсыз жағдайдың себебін анықтау үстінде.
«Лукойл» Магановтың қазасын растап, оның «ауыр науқастан кейін» қайтыс болғанын хабарлады.
Маганов «Лукойл» акционерлік қоғамының 2022 жылдың басында қайтыс болған басшысы Вагит Алекперовтің туған күні қаза тауып, саланың жұмбақ жағдайда бақиға аттанған жетінші топ-менеджері болып отыр. Биылғы қаңтарда «Газпром инвест» көлік қызметінің басшысы Леонид Шульман Ленинград облысының элиталық кентінен өлідей табылды. Оның жанында сынған аяғының ауыратынына байланысты хаты жатқан. Наурызда осы облыста «Газпромның» бірөңкей есеп орталығы бас директорының корпоративті қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Александр Тюляковтің өлі денесі шықты. Оның жанынан жазба табылған. Бірақ онда не жазылғаны сол күйі айтылмады.
Сәуір айында «Газпромбанктың» бұрынғы вице-президенті Владислав Аваевтың денесі өзінің Мәскеудегі пәтерінен табылған. Оның жанында әйелі мен қызы да өліп жатқан. Кейінірек «Новатэктің» бұрынғы топ-менеджрі Сергей Протосенко әйелімен және қызымен бірге Испанияда өлтірілген. Мамырда «Лукойлдың» бұрынғы топ-менеджері Александр Субботин Мытищыда жергілікті шамандардың сеансынан кейін өліп қалған. Оның у беріп өлтірілгені жайлы қауесеи шығып, артынан басылып қалды.
Шілдеде Петербургтегі Фин бұғазы маңына орналасқан Морские террасы коттедждер кентінде «Газпромға» мердігер болған «Астра Шипинг» көлік компаниясының бас директоры – 61 жастағы Вороновтың мәйіті табылды.