Украин әскерлері HIMARS-пен Кадиевкада 200 жаудың көзін жойды
КИЕВ. 26 тамыз. Украина Қарулы күштері жау басып алған Кадиевканы HIMARS-пен атқылап, 200 оккупантты жер жастандырды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«УҚК оккупанттардың Луганск облысының Кадиевка қаласындағы «Донбасс» мейманханасында орналасқан базасына соққы беріп, Ресейдің 200 десантшыларын өлтірді», – деп атап өтті Луганск облысы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай.
Кадиевка – кеңес заманында Стаханов аталған қала.
Ресей тарапы бүгін таңертең соққының HIMARS жүйесімен берілгенін мойындады. Украин әскерлері оның 10 снарядын жіберген.
Украина президенті Володимир Зеленский Запорожье АЭС-ін тезірек қайтарып алу керек екенін мәлімдеді. Олай болмаған жағдайда ғаламдық апат орын алуы мүмкін. Британ барлауы станция жанына өрт болып жатқанын баяндады.
Украина лидері өзінің кешегі мәлімдемесінде Қырымды қандай шығынмен, жолмен болса да, қайтарып алатындарын айтты. Бұл үшін украин әскерлері барын салады, ештеңеден аянбайды.
Украин құқық қорғаушылары Киевте қарусыз адамдарды ту сыртынан атқан ресейлік солдаттың кім екенін анықтады. Ол 1995 жылы туған Омбы тумасы Соковиков Николай Сергеевич деген біреу. Тергеудің нәтижесімен оның қазір Буратияның Еловка кентінде тіркеуде екені белгілі болды. Өзі Улан-Удэдегі №46108 әскери бөлімге қарасты жеке Тацин танк бригадасында қызмет атқарады.
Украин қауіпсіздік қызметі сондай-ақ Буча ауданында ресейліктерге жергілікті жер жөнінде белгі берген сатқындарды анықтады.