ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Қызылорда облысының әкімі ерлік көрсеткен бозбалаға пәтер сыйлады

ҚЫЗЫЛОРДА. 26 тамыз. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жақында 2,5 жасар сәбиді құтқарған Арман Аманжолов деген жасөспірімге 2 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Қызылорда облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше, оқиға 19 тамыз күні облыс орталығындағы «Универсам» шағын ауданының маңында орын алған. Сол жерде 2,5 жастағы бала ашық тұрған кәріз құдығының ішіне құлап кеткен. Ал анасы оны ала алмай, жұрттан айғайлап көмек сұрай бастаған. Мұны байқаған бір бозбала дереу жәрдемге келіп, тереңдігі 4 метрлік құдықтың ішінен сәбиді сыртқа алып шыққан.

Сол жерде сәбидің анасы жасөспірімге алғысын жаудырып қала берген. Бірақ қапелімде оның аты-жөнін сұрау ойында болмапты.

Кейін тиісті органдар қызметкерлерінің жедел іске кірісулері нәтижесінде бейбіт күнде ерлік көрсетіп жүрген бозбаланың кім екені анықталады. Ол Арал ауданындағы «Бөген» ауылынан облыс орталығына колледжге оқуға түспек болып келген Арман Аманжолов деген 2007 жылы туған жасөспірім болып шықты. Отбасында өзінен үлкен 2 әпшесі, 2 ағасы бар екен. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, ал анасы Майра мектеп асханасында жұмыс істейді.

Бес баланың кенжесі болып өскен Арманның батыл және уақытылы қимылы арқасында қиын жағдайға тап келген сәби аман қалды. Оның әрекетіне тек жерлестері ғана емес, бүкіл ел қуанып, тәнті болды.

Бұл оқиғаға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың өзі терең мән беріп, ерекше көңіл аударды. Сөйтіп, демеушілер тарту арқылы Арманға қаладан 2 пәтерлік үй сыйлауға шешім қабылдады. Бүгін сол шара мұғалімдердің тамыз мәслихаты кезінде жүзеге асырылды. Облыс басшысы жиында батыл бағланға алғыс айтып, аталмыш пәтердің кілтін тапсырды.

«Мемлекет басшысы тарапынан азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы аясында бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан зор ризашылығымызды білдіремін. Бүгінде аймағымызда жомарт жүректі жанашыр азаматтар жетерлік. Сол демеушілердің атынан бүгінгі бейбіт күннің батыры болған бозбалаға баспана кілтін табыс етеміз. Қарапайым ғана ауыл баласының бұл ерлігі өзі сияқты қатар жүрген балаларға үлгі болсын, елдің ішінде осындай азаматтар көп болсын», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, өңірде «Балалар жылы» қалада 1 млрд.теңгеге 50-ге тарта спорт алаңы, аудандарда 600 млн теңгеге 30-дан астам спорт-ойын алаңы қатарға қосылғалы тұр. Олардың бәрі демеушілердің қаржылары есебінен салынады.

Жансая НҰРҚОЖА

Суретте: Арман Аманжолов

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button