Севастопольде РФ Қара теңіз флоты ғимаратына шабуыл жасалды
КИЕВ. 20 тамыз. Бүгін таңертең Севастопольде тағы жарылыстың даусы естілді, бұл жолы Ресейдің Қара теңіз флоты штабына шабуыл жасалды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Оккупациялық билік өкілдері кейіннен штаб шатыры үстінен шабуылдаушы беспилотниктің атып түсірілгенін баяндады.
Қырым татарлары халқы меджлисінің басшысы Рефат Чубаров Facebook әлеуметтік желісінде осы жайында жазды, Telegram-каналдарда видеолары жарияланды, «Севастополь губернаторы» деп аталатын Михаил Развожаев деген біреу мәлімдеме таратты.
«Бүгін таңертеңгі сағат 8:20-да Ресей басқыншылары басып алған «Ресей Қара теңіз флоты» штабы ауданында күшті жарылыстың даусы естілді. Севастопольдегілер бір беспилотниктің РФ флоты штабының шатырына ұшып барғанын айтты», – деді Чубаров.
«Флот штабында жүрмін. 25 минут бұрын шатырға беспилотник ұшып келді. Өкінішке қарай, бухта үстінде ату қарулары болғанымен атып түсіре алмадық. Өте төмен ұшты. Құрбан болғандар жоқ», – деп Развожаев алдымен оқиға орнынан баяндады.
Кейінірек беспилотник атып түсіріліпті деп хабарланды.
Көзі көргендер беспилотниктің ұшып жүргенін видеоға түсіріп алыпты. Онда ұшқыш аппараттың штабқа қалай шабуыл жасап жатқаны көрінеді.
Осымен бір аптаның ішінде Қырымда төртінші мәрте жарылыс болып отыр.