Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Исламиада ойындарында Қазақстан спортшылары нешінші орын алды?

Түркияның Конья қаласында тамыздың 9-18-ы күндері V Ислам ынтымақтастығы ойындары болып өтті. Біздің дәуірімізге дейінгі 7 ғасыр бұрын іргесін қалаған көне шаһарда өткен мұсылман мемлекеттері атлеттерінің өзара сайысына 54 елден келген 4 мыңнан астам саңлақ қатысты. Олардың сапында Қазақстан құрамасының сайыскерлері де жарысқа жалын қосты.

Нәтижесінде командалық бірінші орынды Түркия спортшылары жеңіп алды. Олар өз қоржындарына 145 алтын, 107 күміс және 89 қола, жиынтығында 341 медальдар кешенін түсірді. Түріктер жарыстың көптеген түрлері бойынша алда болды. Олар, әсіресе, гимнастикада ешкімге дес бермеді. Екінші орынға 51 алтын, 42 күміс және 65 қола, һәммасы 158 медаль жинаған Өзбекстан терма жамаоты шықты. Олардың дзюдошы қыздары мен жігіттері ерледі. Тұғырдың үшінші белесі 39 алтын, 44 күміс және 50 қола, қорытындысы 133 жүлде еншілеген Иран баһадүрлеріне бұйырды. Ал төртінші сатыға 29 алтын, 36 күміс және 34 қола, үмуми 99 медаль алған Әзербайжан идманшылары орналасты.

Бұл жолы бесінші орын Қазақстан құрамасының спортшыларына тиесілі болды. Біздің атлеттеріміз 27 алтын, 23 күміс және 39 қола, барлығы 89 медальға қол жеткізді. Ойындарда біздің еліміздің намысын сайыстың 16 түрі бойынша 125 спортшы қорғады.

Біздің командада медальдарды ең көп жинаған ауыр атлеттер болды. Олар 8 алтын, 15 күміс, 3 қола, барлығы 26 медаль жеңіп алды. Трекші велоспортшылар 5 алтын, 1 күміс, 3 қола, барлығы 9 медаль әкелді. Суда жүзушілер 4 алтын, 1 күміс, 7 қола, барлығы 12 медаль әперді. Кикбоксерлер 4 алтын, 1 күміс, 3 қола, барлығы 8 медаль еншіледі. Каратэшілердің есебінде 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль бар.

Енді салыстыру үшін айта кетейік, осының алдында, 2017 жылы өткен IV Ислам ынтымақтастығы ойындарында еліміздің спортшылары 14-шы орынмен қанағаттанған еді. Онда 35 қазақстандық спорттың 7 түрі бойынша сайысқа түсіп, 2 алтын, 5 күміс және 12 қола, баршасы 19 медаль ғана алған еді.

                           Ислам ынтымақтастығы -2022. Медальдар есебі. Үздік 20 құрама
   Елдер 🥇Алтын 🥈Күміс 🥉Қола Жиыны
1. Түркия 145 107 89 341
2. Өзбекстан 51 42 65 158
3. Иран 39 44 50 133
4. Әзербайжан 29 36 34 99
5. Қазақстан 27 23 39 89
6. Марокко 15 13 34 62
7. Индонезия 13 14 29 56
8. Қырғызстан 9 8 15 32
9. Бахрейн 9 7 7 23
10. Алжир 7 12 23 42
11. Кувейт 5 9 2 16
12. Түрікменстан 4 6 13 23
13. Қатар 4 3 5 12
14. БАӘ 3 2 5 10
15. Сауд Арабиясы 2 12 10 24
16. Камерун 2 6 5 13
17. Уганда 2 5 2 9
18. Иордания 2 4 6 12
19. Малайзия 2 1 4 7
20. Гамбия 2 0 0 2

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button