Шойгу: «Хаймарс, Хаймарс дегенің «жай барыс» болып шықты»
МӘСКЕУ. 16 тамыз. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу сейсенбі күні Украинаға келіп жатқан шетел қаруының күштілігі жайындағы әңгіме «жай даурықпа» деп мәлімдеді. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
«Украинаға әкелініп жатқан батыс қаруларының тиімділігі жай «миф» болып шықты», – деді ол.
Оның ұғымынша, Киев маусым айынан бері Ресей армиясының маңызды нысандарын соққылай бастаған Американың отты дүркінді HIMARS реактивті жүйесі өзінің тиімсіз қару екенін көрсеткен.
Ал Украина Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, шілде айының соңында HIMARS-тың арқасында жаудың 50 қару-жарақ қоймасы жойылған. Тамыздың алғашқы аптасында қоймалар бойынша тағы 20 соққы берілген, сондай-ақ Херсондағы Днепр өзені үстіндегі көпір атқыланып, бірнеше мың солдатты қамтамасыз етудің жолы кесілген, қазір жүктер екі қалқыма көпір арқылы тасымалданып жатыр.
10 тамыз күні Қырымдағы Новофедровка аэродромында бір күннің ішінде Ресейдің көптеген ұшақтары жойылып кеткен. Осы көрсеткіш бойынша РФ-ның ұшақтардан бір мезгілде айырылып қалу жөніндегі Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі жаңа рекорды тіркелген. Ал қорғаныс министрлігі өздерінің әлсіздіктерін білдірмеу мақсатында мұны қойманың өзі өртенгеннен болғандай етіп көрсетті.
Сергей Шойгу әлі сол версияны ұстап, тастай қатып отыр.
Ресей жағы бүгін Қырымның Май кентіндегі оқ-дәрі қоймасында орын алған келесі жарылысты да детонация әсерінен өзі жарылып кетуінен болған деп қайтпай жатыр. Ол жақ үшін украин әскерлері «атқылап, қиратты» деп мойындау өліммен тең болып тұр.
«Батыстың қаруы ұрыс қимылдарына айтарлықтай өзгеріс әкеле алмады» дегенді беті бүлк етпей айтты Ресей министрі. Ол бұл жайында бүгін «Армия-2022» форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
«Арнайы әскери операция Батыстың Украинаға жеткізіп берген «суперқарулары» жөніндегі «аңыздардың» күлін көкке ұшырды. Бастапқыда әңгіме танкке қарсы Javelin кешені мен әлдеқандай бір «ғажайып» беспилотниктер турасында болған. Соңғы кездері «суперқарулар» жөніндегі сөз батыстың отты дүркінді HIMARS реактивті жүйесі мен алысқа атылатын гаубицаларына қарай ауысты. Алайда, бұл қарулар да шайқастар кезінде быт-шыт болып қалып жатыр», – деп мәлімдеді Шойгу шырақ.
Министрдің айтуынша, Ресей батыстың қолға түскен қаруларын мұқият тексеріп, оның бар ерекшелігін зерттеп келеді. Осыған орай оларға қарсы соғысты жақсы ұйымдастыра бастады. Қазір Ресей қаруы «өз сапасының аналардан артық екенін дәлелдеп жүр», – деп қойды Ресей соғыс министрі.
Айтары жоқ, Шойгудың мына гәбі «шіңи-шіңи дегенің шиқидаған май екен» дегендей болған екен.