Жау басып алған Лисичанскідегі жарылыс 100 оккупантты жойды
КИЕВ. 17 тамыз. Ресей басқыншылары басып алған Луганск облысының Лисичанск қаласындағы жарылыс 100-ге жуық оккупантты жер жастандырды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Луганск облысы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдайдың айтуынша, осы жарылыс салдарынан кемі жүзге жуық ресейлік басқыншы жер жастанған.
«Бүгін Лисичанскіде «партылдақ» болды. Мен осы жолы тағы 100-ге жуық жексұрын солдаттың көзі жойылғаны жөніндегі ақпар біздің бәрімізді қуандырады ғой деп ойлаймын. Бұлар енді «вагнерліктер» емес, бұлар – Ресейдің тұрақты армиясының жауынгерлері», – деді ол.
Гайдайдың сөзіне қарағанда, опат болғандар Ресейдің 2-ші армия корпусының сарбаздары екен.
Дәл осы сәтте Украина Қарулы күштері Лисичанскінің жанында Ресей ОМОН-ының кем дегенде, 12 жауынгерін жертезек етіп тастады.
«Лисичанскіге жақын жерде УҚК Сахалиннен келген ОМОН жасағын шығынға ұшыратты. Украин жауынгерлері Лисичанск ауданына өзге қарудастарын алмастыруға келген оларға «сыйлық» беріп жіберді. Сол бойда 12 солдат ресми түрде «денацификаланды» және «демилитаризацияланды», жасақ құраманың қалған мүшелері түгел ауыр жараланды», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұдан бірнеше күн бұрын Украина Қарулы күштері «Вагнер» жеке әскери кешенінің жалдамалы қарақшыларын да осылай жойып жіберген болатын. Сол күндері осы нысанға келе қалған олардың қожайыны, «Путиннің аспазы» Пригожин жарылыс зобалаңынан әзер аман қалды.