Батыс Ресейді қолдағаны үшін Түркияға санкция салуы мүмкін
ЛОНДОН. 8 тамыз. Батыс Түркияға Ресейді қолдауын қоймаса санкция салатынын айтып, ескерту жасады. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
«Батыс шенеуніктері Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Реджеп Ердоғанның бір-бірімен жақындасып бара жатқанына алаңдап отыр. Егер Түркия санкцияны айналып өтіп, Ресейге көмек беретін болса, бұл елге қарсы шаралар енгізудің мүмкіндігі қарастырылады», – деп жазды Financial Times.
Басылым мәнбесінің айтуына қарағанда, Батысты Ердоғанның Сочиде Путинмен өткізген 4 сағаттық әңгімесінде беріп кеткен уәдесі алаңдатады. Мәселен, түріктің бес банкінің «Мир» картасын қабылдап, екі ел арасындағы өзара тауар айналымын 3 есеге дейін көтеріп, жылына 100 млрд долларға дейін жеткізу мәселесі.
Бұдан басқа, РФ вице-министрі Александр Новак айтқандай, Ердоған Ресей газына төлемді «рубльмен» жасауға, сөйтіп, өз тұтынымының ширек бөлігін осылай жабуға келіскен екен.
Шілде айында ғана қаржы министрінің орынбасары Уолли Адейемо бастаған америкалық шенеуніктер делегациясы Түркияға жасаған сапары барысында жергілікті шенеуніктер мен банкирлерді Ресейдің «лас» ақшасына былғанбау керек екенін ескертіп кеткен болатын.
Егер сол ескертуден ешқандай нәтиже шықпаған болса, батыс компаниялары Түркия жерінен кететін болады. Бұдан басқа, батыс банктері түрік контрагенттерімен қаржылай келісім жасасудан бас тартулары мүмкін. Мұның өзі Түркияның қатты валютаның ерекше тапшылығын көріп отырған, инфляциясы 80 пайыз шамасына жеткен және сыртқы қарысы 451 млрд долларға барған әлжуаз экономикасына соққы болып тиеді.
Әлбетте, Еуропа одағының өз ішінде де алауыздық бар екенін ескерсек, Түркияға салынатын санкцияның жаппай сипат алатынына сену қиын, дегенмен, жекелеген елдер негізінде жасалған санкциялар да бұл елге оңай тие қоймайды.