Путин ядролық сынақтарды қайта бастауға дайындықты бұйырды

МӘСКЕУ. 5 қараша. Ресей президенті Владимир Путин ядролық сынақтарды қайта жалғастыру жөнінде тиісті орындарға тиісті тапсырма берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ диктаторы Сыртқы істер министрлігіне, Қорғаныс министрлігіне, барлау агенттіктеріне және азаматтық агенттіктерге ядролық сынақтарға дайындықтың орындылығы туралы ұсыныстар дайындауды тапсырды. Сөйтіп, КСРО кезінен бері, 35 жылдық үзілістен кейін атом бомбаларын сынап көруге қайта қажеттілік туып жатыр. Мұның жайы Кремльде Ресей Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен өткен брифингте мәлімделді.
Агенттіктерге «осы мәселе бойынша қосымша ақпарат жинау, оны Қауіпсіздік кеңесінде талдау және ядролық қару сынақтарына дайындық жұмыстарын бастау мүмкіндігі туралы үйлестірілген ұсыныстарды ұсыну» жүктелді.
Осының бәрін Владимир Путин баяндап шықты.
Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері бұл қадамды негіздеу ретінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Пентагонға ядролық сынақтарды қайта бастау туралы бұйрығын келтірді. Өткен аптада Ақ үй басшысы АҚШ-тың «кейбір сынақтар» өткізуді көздеп отырғанын мәлімдеді, бірақ бұл «қырғи қабақ соғыс» кезінде болған жер асты жарылыстарына қатысты ма, жоқ па, оны нақтылап айтпады.
Трамп тек мұндай жаттығулар басқа мемлекеттердің ұқсас әрекеттеріне жауап ретінде өткізілетінін атап өтті. АҚШ президентінің айтуынша, мұндай сынақтар «бұл қарулардың қалай жұмыс істейтінін көру» үшін қажет. «Ресей сынақтар өткізетінін мәлімдеді. Солтүстік Корея оларды үнемі өткізіп тұрады. Басқа елдер де сынақтар жүргізеді… Мен біздің сынақтар өткізбейтін жалғыз ел болуымыз керек емес», – деді ол.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қорғаныс министрі Андрей Белоусов Жаңа жер архипелагында «толық ауқымды ядролық сынақтарға» дайындықты дереу бастауды ұсынды. Бұл елдің ең ірі ядролық сынақ полигоны, онда 1950 жылдардан бері жүздеген атомдық жарылыстар жүргізілген. Ондағы соңғы ядролық қару сынағы 1990 жылдың қазан айында орын алған.






