Ресей өңірлерінде Украинада соғысатын 40 жасақ құрылды
МӘСКЕУ. 8 тамыз. Ресейдің өңірлерінде Украинадағы соғысқа қатысатын еріктілердің 40 жасағы құрылды. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
«Аймақтарда Украинадағы соғыс үшін 40-тан астам жасақ құрылды. Еріктілерді бұл үшін 300 мың рубльге дейін төленетін төлемдер еліктіріп отыр», – делінген хабарламада.
Жастарды соғысу үшін құрылатын жасақтарға оларға жазылуға жергілікті билік пен ардагерлер ұйымдары шақырып жатыр. Процедуралық мәселелер әскери комиссариаттар арқылы жүргізілуде. Еріктілер Қорғаныс министрлігімен шартқа отырады. Мұнда соғысуға тілек білдірушілердің әскери қызметтегі тәжірибесі талап етілмейді.
Жасақтар территориялық белгілері бойынша жасалып жатыр. Сондықтан Татарстанда пайда болған отрядтар «Тимер» (демек, темір) және «Алға» деген атаулар алған. Петербургте «Кронштадт», «Нева» және «Павловск» деген топтар қатарға қосылды. Саха жеріндегі осындай құрылым жергілікті аңыз негізінде «Боотур» (яғни, батыр) деген аталды. Себебі, сахалар Эллей боотур өздерінің арғы бабалары болған деп есептейді. Міне, құдды бір өз жерлерін қорғағалы тұрған сияқты. Приморье өлкесінен «Тигр» тобы шыққан. Пермь өлкесінде – «Парма» жасағы, Төмен облысында «Тобыл» батальоны, «Тайга» мергендер ротасы және «Сібір» артиллериялық дивизионы, Омбы облысында «Ертіс», «Авангард» және «Омь» атаулы бөлімшелер, Курск облысында «Сейм» материалдық-техникалық жабдықтау батальоны соғысқа баруға дайын тұр.
Шешенстан да құр қалмаған. Ол жақтан төрт құрылым соғысатын болып жатыр. Бұл батальондар «Север-Ахмат», «Юг-Ахмат», «Запад-Ахмат» және «Восток-Ахмат» деп аталады.
Жасақтардың бәрінің жасақталу шығындарын әр өңірдің өз әкімдіктері көтеріп отыр.