Қапшағай теңізінде бір үйдің төрт бірдей мүшесі суға кетті
ҚОНАЕВ. 28 маусым. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында бір әулеттің төрт бірдей мүшесі суға ағып кетіп, жантәсілім етті. Бұл т уралы orda.kz хабарлады.
Қайғылы оқиға 26 маусымда Көкшығанақ аймағындағы су қоймасында шомылуға рұқсат етілмеген жерде орын алған.
Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жасанды теңізде кенет толқын көтеріліп, 12 және 15 жастардағы екі ағайынды бала суға бата бастаған. Сосын олардың 30 жастағы ағасы, 32 жастағы нағашы әпкесі және 68 жастағы әжесі құтқаруға әрекет жасаған. Өкінішке қарай, бұлардың арасынан әжей ғана тірі қалады.
Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары судан екі бала мен бір ер адамның денесін шығарды.
Құтқару қызметі Қонаев қаласында жеті жабдықталған жағажай барын, құтқарушылар кезекшілікте тұрғанын және судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалғанын еске салды. Сондықтан демалыс орны ретінде жабдықталмаған орындарды таңдамаған жөн. Сондай-ақ мамандар жүзе алмайтын адамдарға суға белден жоғары түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау, дауыл мен толқын кезінде алкогольдік ішімдік ішпеу және жағалаудан ұзап кетпеу керек екенін ескертті.