Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Спорт қорының қаржысын сүліктей сорған Сейсенбек

Қасқырға қой бақтырған не деген сорақылық десеңізші?!

Спорттың ақшасын сүлікше сорып жатқан жүліктердің азаятын түрі жоқ. Турникте тартылғанда, шынтағы жазылмаған министр Абаевтың бұл мәселеге келгенде, құлашы неге жайылмай жүргені түсініксіз.

«Спорт және туризм индустриясын қолдау қоры» деген бар. Араны апандай жемқорлар үшін нағыз майшелпектің өзі секілді. Осы қордың бас директоры Асхат Сейсембек деген, – СпортРадар.kz сайты келтірген деректерге сенсек, – түйені жүгімен, биені түгімен жұтқан «жалмауыздың» нағыз өзі көрінеді.

Былтырдың өзінде осы Асхат Сейсембек қасына қыпшабелін алып, шетелге жиырма рет барып-қайтыпты. «Біреудің шалын біреудің кемпірі аясын ба» дегендей, спортқа арналған ақшаны әкесінің малындай оңды-солды шашқан ғой сабаз.

Сосын, бұл қасқаң «ойнайды» екен. Казиноны шайқайды дейді, бәс тіккенде, букмекерлік кеңседегілердің көзі атыздай болатынға ұқсайды. Өйтпегенде қайтсін, қорға қолды сұғып тұрып, қойны-қонышына тыққыштап жатыр да…

Иә, «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деуші еді, қор құлпының кілті қалтасында жүрген Сейсембектей суыққолдыға қандай кінә тағарсың?

Құмар ойын құлқынын тескен Асхат Сейсембектің бұл «өнерін» көп адам біледі. Бірақ ешқайсының батылы жетіп, айта алмайды. Неге дейсіз ғой? Сөйтсе, бұл сабаздың анасы Президент Әкімшілігінде қызмет етеді екен.

Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» құрам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Сонда қалай, иегінің астында спортты теспей сорып жатқан сүлік-жүліктің мамасы дым білмегендей жүргені ме?

Келер кезек…

Роман БАЙМҰРАТ

 

Карикатура «Газета.ru» сайтынан алынды

 

Ескерту: Автордың байламы редакцияның ұстанымымен сәйкес келуі міндетті емес

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button