Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Мұрат Әбенов: «Фармацияны» жайлаған мафияға тосқауыл қойылды

АСТАНА. 16 қараша. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Қазақстанның фармация саласын жылдар бойы шырмап келе жатқан мафия жөнінде әңгіме қозғады. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Депутат республиканың фармация саласын жылдар бойы мафия жайлап алғанын, қазір олармен батыл күрес жүріп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, тамырын тым тереңге жайып жіберген фарма-мафия осының салдарынан миллиардтаған ақшаларынан айырылып жатқаннан кейін қазір Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жан-жақтан жаппай шабуыл ұйымдастырып, түрлі бағытта қысым көрсетіп бағуда.

«Біз әріптесім Бақытжан Базарбек екеуміз фармация туралы, дәлірегі фарма- мафия туралы мәселе көтеріп, ұрланып жатқан ақшаның жолына тосқауыл қоюға әрекет жасадық, – деді Мұрат Абдуләмитұлы. – Мұнда нағыз мафия орнаған, шетелдерден әр препаратты 4-5 есе қымбат бағасына әкеледі, елде тек солардың дәрілері сатылады. Бұған триллиондап ақша жұмсалған. Біз осыған байланысты Бас прокуратураға хат жаздық. Қазір бұл өзінің нақты нәтижесін бере бастады. Бағасы бірте-бірте түсіп, қыруар ақша үнемделіп жатыр. Тек соңғы екі-үш айдың өзінде 75 миллиард теңге үнемделді».

Депутат жемқорлықпен қыруар пайда тауып келген мафияның осыған байланысты бүгінде бастарын тауға да, тасқа да ұрып жатқандарын сөз етті.

«Фарма-мафия сол үшін Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызына жан-жақты қысым көрсетіп жатыр, – деді депутат. – Сол тойымсыз топ министр туралы әртүрлі ақпарат таратып, шабуылды үдетіп келеді. Бірақ оның бұған қатысты жасап жатқан жұмыстарының бәрі дұрыс. Әрине, қоғамда біреу министрді жамандаса, соған еріп кете беретіндер табылады. Алайда біз жақсы жұмыс жасап жатқан адамның жақсылығын білуіміз керек қой!»

Мәжілісмен осы әңгімені өзінің орыс тілінде берген сұхбатында тереңдетіңкіреп айтты.

«Біз Бақытжан Базарбек екеуміз мәселе көтергеннен кейін «СК-Фармация» жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің басшылығы ауыстырылып, қылмыстық іс қозғалды, – деді Мұрат Әбенов. – Бағаның 4-5 есеге дейін қымбаттатылып сатылуы осы компания арқылы жүзеге асырылады. Қазір біз барлық дәрі-дәрмектің сатып алынуын барынша мөлдір еткізіп қойдық. Мұның нәтижелері де белгілі. Биылдың өзінде мониторинг бағаның 11,1 пайызға төмендегенін көрсетті. Бірақ мұның өзі әлі аз. Біз елдегі барлық дәріханаларды назарда ұстаймыз, жеке дәріханалардың өзі тексеріліп тұрады. «СК-Фармация» ЖШС 2025 жылдың қорытындысында сатып алудан 70,5 миллиард теңге үнемдей білді. Біз бұл жұмыстарды әлі де жалғастыра беретін боламыз. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігін сынға алудың қажеті жоқ. Ол өз жұмысын істеп жатыр».

Депутат енді дәрі-дәрмектердің қайдан тасып алынғандарын, неге олардың қымбат болғандарын тексеру керектігін алға тартты. Ол біздің әкелген препараттардың көрші елдердегі бағаға қарағанда неге қымбат болып келгенін анықтау керектігін де айтты. Мысалы, дәл сол препараттар Өзбекстан мен Ресейде 2-3 есеге дейін арзан болған.

«Бір ғана мысал. «Виктоза» препараты көрші елдер дәріханаларында 17 мың теңге тұрады, – деді Мұрат Әбенов. – Ал біз оны мемлекеттік сатып алу арқылы 47 мың теңгеге сатып алғанбыз. Айырмасы – 30 мың теңге. Сонда бұл ақшалар кімдердің қалтарында кеткен? Осыны министрлік бақылауында ұстауы керек. Біздің ұсынысымызды Премьер-Министр қолдады. Демек, бағыт дұрыс. Иә, министр қазір салаға қатаң тәртіп енгізіп жатыр. Бірақ оның мұнысы «Фармацияға» ұнамайды».

Депутат соның әсерінен мафия адамдарының алуан түрлі алып-қашты әңгімелерге құрылған хабарлар мен мақалалар ұйымдастырып жүргенін мәлімдеді. Әртүрлі қауымдастықтар атынан. Себебі, өздері осыдан пайда көріп отыр. Әлбетте, кез келген реформа әдетте ауыр қабылданады. Бұған дейін дәрі-дәрмекті әкелумен кім көрінген айналысып келген. Қазір соған нүкте қойылды. Осылайша саланы жемқорлар мафиясынан тазартып алуға бағыт түзіліп жатыр.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button