Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Ұстаздық жолда ұлан-ғайыр істер атқарған

Ғалым Базарбек Қашқынбаевтың атында мектепте мұражай ашылды

2022 жылдың 8 мамыр күні Шиелі ауданы, Жаназар батыр ауылындағы №142 орта мектепте техника ғылымдарының кандидаты, профессор Базарбек Қашқынбаев атындағы мұражайдың ашылу салтанаты өтті. Игілікті шараға алыс-жақыннан келген қонақтар, Базарбек ағайдың туған-туыстары мен шәкірттері жиналды. Мұражайдың ашылу рәсімінде аудан әкімі Нариман Мақұлбеков, ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, қоғам қайраткері Айтбай Көшербайұлы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жандос Базартай сөз сөйлеп, мұражайдың ашылу салтанатымен құттықтады.

Мерекелік шара мектеп оқушыларының Базарбек ұстаз жайлы ұлы Сексенбай Қашқынбаев пен шәкірті Бауыржан Елеусінов жазған «Жігерін жалау еткен жайсаң жандар» атты кітабынан естеліктер бойынша әдеби-музыкалық композиция қойылымымен жалғасты. Мектеп мұражайының ашылу салтанатының лентасын қоғам қайраткері Айтбай Көшербайұлы мен университет ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазыбай Құдайбергенұлы қиды. Айта кетейік, №142 орта мектепке Базарбек Қашқынбаевтың есімі 2021 жылы қыркүйек айында берілген болатын.

Базарбек Қашқынбайұлы 1935 жылы 12 қазанда Сырдария ауданы Құмсуат елді мекенінде дүниеге келген. Алғашқы білім баспалдағы Құмсуат колхозының бастауыш мектебі болса, орта білімді Мұстафа Шоқай ауылы, Сұлутөбе ауылдық округінде тәмамдаған.1953-57 жж. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, туып-өскен жеріндегі №40 орта мектепте еңбек жолын бастап, білім саласының ардақты тұлғасына айналды. Ұстаздықтың сара жолын 1962 жылы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика кафедрасында студенттерге білім берумен жалғастырды. Ғылым-білімге құмартқан жас мұғалім 1967 жылы Т. Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің аспирантурасына оқуға түсіп, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Аспирантура бітірген бойда Базекең «Жоғары жиілікті электр тогын өндіретін жаңа типтегі массивті роторлы турбогенераторлардан электромагниттік өрістің таралуын зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, облысымыздағы ең алғашқы техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болып елге оралады.

Базарбек Қашқынбайұлының ерек қасиеті мен ерен еңбегі әрдайым бағаланып, мерейін үстем етті. Ол «СССР-дың оқу-ағарту ісінің үздігі», ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасы, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері атанған. Ұстаздықтың сара жолында өшпес мол мұрасы қалды. Жоғары оқу орнының студенттеріне арналған 16 оқу әдістемелік құралы, 60-қа жуық құнды мақалалары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген еңбектерін атап өтуге болады. Сонымен қатар, Базарбек ағай Қорқыт Ата университеті оқытушы-профессорлар арасынан шыққан ең алғашқы қажы болғанын да айта кеткен абзал.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-де кафедра меңгерушісі, сырттай оқу факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқара жүріп, факультеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға, физика лабораториясын жабдықтауға ерекше үлес қосты. Бүгінде айтулы оқу орнында шәкірттерінің демеушілігімен ашылған Базарбек Қашқынбаев атында «Электротехника зертханасы» бар. Сондай-ақ, ұстаздың құрметіне Қызылорда қаласында «Саяхат» көшесіне Базарбек Қашқынбаевтың есімі берілген.

Мектеп музейінің жоғары деңгейде жасалуына ағайдың шәкірті «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Бауыржан Елеусінов, Қызылорда қаласындағы «Orda» жоғары колледжінің оқытушысы, дизайнер Аппаз Жүсіпов және мектеп ұжымы айрықша еңбек сіңірді.

Осы жұмыстардың сапалы орындалуына демеушілік жасаған ағайдың ұрпақтарына, оның ішінде бел баласы, техника ғылымдарының кандидаты Сексенбай Қашқынбаевқа  алғысымыз шексіз. Ол айтулы оқиғаға орай мектеп ұжымына радиоаппаратура кешенін сыйға тартты.

Іс-шарадан кейін Жаназар батыр ауылындағы Орталық мешітте ұлағатты ұстаз Базарбек Қашқынбаевқа арналған ас берілді.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button