Трасс: Молдованы НАТО стандарты үлгісімен қаруландыру керек
ЛОНДОН. 22 мамыр. Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Лиз Трасс Молдованы НАТО стандарты бойынша қаруландыру керек екенін айтты. Бұл туралы ВВС хабарлады.
«Ресейдің болуы ықтимал шабуылына қарсы тұра алу мүмкіндігіне ие болуы үшін Молдованы НАТО стандарттарына сәйкес жаңаша қару-жарақтармен қамтамасыз ету керек», – деп мәлімдеді Трасс ханым.
Оның айтуынша, Британияның одақтастары қазірдің өзінде Молдова секілді шағын мемлекеттердің РФ тарапынан болатын соғыс қатерінен қорғана білулеріне көмектесу жайын өзара талқылап жатыр.
«Путин осы кезге дейін Украинада атап айтатындай кең ауқымды жетістікке жетпегеніне қарамастан, «Ұлы Ресейдің» территориясын кеңейту амбициясынан әлі бас тарта қойған жоқ, – деді Трасс Telegraph газетіне берген сұхбатында. – Бұрын совет республикаларының бірі болған Молдованың Ресеймен ортақ шекарасы жоқ, бірақ бұл ел Украинаның қазір ресейлік оккупанттар басып алған оңтүстік өңірлеріне өте жақын орналасқан».
Молдова НАТО-ның құрамында емес, дегенмен, Ресей Украинаға басып кіргесін екі аптадан кейін Еуропа одағына кіру жөнінде өтініш беріп қойды.
Мұның үстіне, соңғы кездері Ресейдің Молдоваға басып кіріп, оның «Молдова Приднестровьесі» деген атау алған сепартистік биліктегі шығыс бөлігін өзіне біржола қаратқалы жатқаны, осы жақтан Украинаның Одессасына шабуыл жасайтыны жайлы әңгімелер жиі айтыла бастады.