АҚШ-та Украинаға жіберілетін гаубицалар көрсетілді
ВАШИНГТОН. 22 мамыр. АҚШ-та Украинаға жіберілгелі жатқан америкалық M777 гаубицаларының жаңа партиясы таныстырылды. Бұл туралы DonPress хабарлады.
Құрама Штаттар Қорғаныс министрлігі Украинаға көмек шеңберінде аттандырылғалы тұрған бұл қарулардың суреттерін журналистерге көрсетті.
Осы кезде Украина Қарулы күштері Бас штабы қазіргі күндері украин жерінде орыстың қанша басқыншы жендеттері жүргенін анықтады. Оның есебі бойынша, бүгінде РФ-ның 80 мың солдаты оккупант-елдің мақсатын жүзеге асыру үшін жандарын жалдап жүрген көрінеді. Ал басқыншылар алғаш мұнда басып кірген сәтте олардың саны 200 мыңнан асатын еді.
Conflict Intelligence Team электронды платформасының басшысы Руслан Левиев «Медузаға» берген сұхбатында Ресейдің украин жерінде адам жағынан да, техника жағынан да орасан зор шығынға ұшырап жатқанын мәлімдеді.
«Олар басында «ДХР» және «ЛХР» дегендеріндегі сепаратистерін, теңіз жаяу әскерлері мен десантшыларын қоса есептегенде, 200 мыңнан асатын-ды. Кейін олардың бір бөлігі ротацияға кетті, бір бөлігі демалып жатыр, тағы бір бөлігі жойылып кетті. Шығынды тек өлгендер ғана құрамайды, жарақатына байланысты қатардан шығып қалғандар да осыған жатады», – деді сарапшы.