Ұлыбритания Путинді халықаралық сотқа тарту идеясын қолдайды
ЛОНДОН. 19 мамыр. Ұлыбритания билігі РФ президенті Владимир Путинді халықаралық Гаага соты арқылы соттау идеясы үшін қол көтеретінін мәлімдеді. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
«Ұлыбритания агрессор-президент Владимир Путин мен ресейлік басқа да лидерлерді Украинадағы соғыс үшін соттайтын халықаралық қылмыстық трибунал құру идеясына өзінің ашықтығын білдіреді. Британия елі ресейліктерді әскери қылмыстары үшін жазалаудың ең тиімді тәсілін іздестіреді», – делінген хабарламада.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Лиз Трасс «Times Radio»-ға берген сұхбатында әскери қылмысқа қатыстары бар ресейліктердің міндетті түрде сотталуға тиіс екендерін атап өтті.
«Біз Путин мен Украинада жасалып жатқан сұмдық әскери қылмыстардың артында тұрғандардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін айқын түсінеміз және осы бағытта Халықаралық қылмыстық сотпен өте тығыз байланысты жұмыс жасаймыз», – деді Трасс.
Оның айтуынша, Ұлыбритания өкілдері РФ-ға қарсы айғақ жинау үшін Украинаға аттандырылған. Әңгіме ресейлік оккупанттардың қылмыстарын дәлелдейтін видеоматериалдар, сондай-ақ куәлардың дәлелдемелерін жинау жайында болып отыр.
Трасс украин үкіметімен трибунал жасау жөніндегі мәселенің талқыланып қойылғанын жеткізді.