МӘСКЕУ. 1 қыркүйек. Украинаның РФ басқыншылары басып алған Донбасс өңірінің халқы әлеуметтік жетіспеушілік салдарынан бұрқ ете қалуы мүмкін. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазір Мәскеу тарапы өз әскерлері басқыншылықпен жаулап алған аумақтың – Донецк және Луганск облыстарында бой көрсете бастаған наразылық көңіл-күйінің өсуінен қорқып отыр.
Ресей басып алған Донбасс тұрғындары судың тапшылығы апатына ұшырап, жағдай жаппай наразылықтарға ұласуы әбден ықтимал.
Ресейдің арнайы қызметтермен байланыстағы «ВЧК-ОГПУ» telegram-арнасы Кремль солдаттары басып алған Донбасстағы жағдай туралы қызықты жазба жариялады.
Онда аймақта жабық әлеуметтік сауалнама жүргізілгені, оның қорытындысы Мәскеуді қатты алаңдатып отырғаны айтылады. Dialog.ua ресурсының хабарлауынша, сауалнама басып алынған аумақта «әлеуметтік жарылыс» қаупі жоғары екенін көрсеткен, атап айтқанда, тұрғындар су тапшылығынан үмітсіздік пен түңіліске бой алдырған.
«Оның (сауалнаманың – ред.) нәтижесі өңірде кез келген сәтте әлеуметтік жарылыс болуы мүмкін екенін аңғартты. Халықты сумен қамтамасыз етумен қанағаттану индексі (…) 21 пайыздық тармақты құрайды. Болып жатқан жайтқа «негізінен қанағаттанатындар» саны 2023 жылдың желтоқсанындағы 57 пайыздан 2025 жылғы сәуірге дейін 35 пайызға дейін төмендеді», – деп жазады Ресей арнасы.
Басқыншылар үшін ең қиын жағдай Шахтерск ауданында, Мариуполь, Дебальцево, Снежное, Торез және Енакиевте орнап отыр. Одардағы қанағаттану индексі 10-нан -27 пайыздық тармаққа дейін өзгерген.
Telegram арнасы болып жатқан жағдайды экологиялық апат деп атады.
Сонымен бірге, дағдарыс аясында аймақта жергілікті «билікпен» байланысы бар фирмалар жұмыс істеп, ауыз суды сатудан ақша тауып жатқаны айтылады.
Мәскеу басып алынған Донбасста басталған су дағдарысы үшін Украинаны кінәлауды ұнатады. Шындығында, орын алған апат толыққанды басып алу кезінде аймақтың су құбырын бұзған Ресейдің өзі болатын. Бірақ оккупанттардың мәселені оң шешуге ниеті жоқ сияқты.
USD




