Павлодар қаласында қазақтарды ішке кіргізбейтін кафе табылды
ПАВЛОДАР. 19 мамыр. Павлодар қаласында қазақтарды ішке кіргізбейтін шовинистік көзқарастағы кафе бар болып шықты. Бұл туралы «Алтын Орда» сайты хабарлады.
«Павлодардағы ойын-сауық орындарының бірінде далабалы дау шығып жатыр. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар аталмыш гастробарға қазақтардың әртүрлі желеулермен кіргізілмейтінін жазуда», – делінген хабарламада.
«Павлодардағы бар ішке қазақтарды кіргізбейді. Дресс-кодтар мен фейс-бақылауға сілтеме жасайды», – деп жазды жарияланым авторы Ерлан Бөкенов әлеуметтік желіде.
Ол өзінің жазбасына осы жағдайды куәландыратын скриншоттарды қоса жариялады.
Анықталғанындай, бұл мекеме қызметкерлерінің «таңдамалы» екендігі жөніндегі сыни сөздер бұрыннан айтылып келе жатыр екен.
Желідегі жазбаға барға қазақтардың әртүрлі себептермен кіргізілмейтіні жайлы көптеген комменттер өздерінше үн қосып, фактінің растығын айғақтады.
Ал гастробардың басқарушысы осыдан кейін өздігінше мәлімдеме жасады.
«Мен Павлодарда туып-өстім. Менің ата-анам да осында туған. Менің жасым 30-ға келіп қалды, бүкіл өмірім бойына еш уақытта ұлтшылдық негізіндегі қысымға ұшыраған емеспін. Бұдан тура үш жыл бұрын жабылып жүріп, осы шағын ойын-сауық мекемесін аштық. Келген жұрттың бәрі үшін қуандық. Әрбір келушінің үйлеріндегідей сезінулері үшін қолайлы ахуал жасауға тырыстық. Уақыт өте келе, қонақтар көбейе бастады, келуге тілек білдірушілердің бәрін жайғастыра алмайтын жағдайға жеттік. Сол кезде жұмыста қауіпсіздік қызметі мен фейс-бақылаудың қажеттілігі туындады. Бұл кәсіптің өзінің аты айтып тұр. Олардың басты міндеті – біздің қонақтарымыздың жайлы демалуларын қамтамасыз ету. Қауіпсіздік қызметінің лауазымдық нұсқамасында ешқашан «ұлты» деген тармақ болған жоқ. Біздің ұжымымыз қонақтарымыздың тек қана жақсы демалулары мақсатын көздейді. Біз кез келген дискриминацияға қарсымыз. Біз үшін тату және келісіммен өмір сүру маңызды», – деп ақталады енді өзін басқарушы деп таныстырған Илья деген біреу.
Павлодар облыстық прокуратурасындағыдар «Азаттық рухы» сайтының тілшісіне аталмыш ойын-сауық мекемесінің қожайынымен көтеріліп отырған тақырыпта әңгіме жүргізілгенін мәлімдеді.