«Астана» екі ойында 9:1 есебімен жеңді
Сөйтіп, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтті
Астана, 16 тамыз. «Астана» футбол командасы бүгін түнде қонақта да Мальтаның «Валлеттасын» талқандап шығып, Еуропа лигасы іріктеу туры үшінші раундынан топтық кезеңіне өтті. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
Арал-мемлекеттің Та-Кали қаласында ойналған қарымта матч 4:0 есебімен меймандар пайдасына шешілді.
Кездесуде бірінші болып «Валлетта» есеп ашып еді, бірақ алаңдағы арбитр оның офсайдтан соғылғанын анықтап, есептемей тастады. Ал 28-минутта астаналықтар барлық ережеге сай келетін дұрыс голмен алға шықты. Мұнда Серікжан Мұжықовтан пас алған форвард Роман Мұртазаев ерледі.
«Астана» мұнымен де тоқтамады, үзіліске дейін тағы бір голды өмірге келтірді. Оны 37-минутта Беларусь құрамасының хавбегі Иван Маевскийден доп алған хорват жартылай қорғаушысы Марин Томасов салды.
Қонақтар үзілістен кейін де екі гол соғуға қол жеткізді. Алдымен 68-минутта Роман Мұртазаев дубль жасады. Оған бұл жолы Сербия құрамасының қорғаушысы Антонио Рукавина ассистенттік жасады. Ал матч соңынан Томасов та дубльге қол жеткізді. Ол 89-минутта қорғаушы Абзал Бейсебековтің жеткізген добын құр жібермеді.
Бұл командалардың 8 тамыз күні Астанада өткен бірінші кездесуінде біздің жерлестеріміз 5:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Осылайша екі матчтың қорытындысымен 9:1 есебімен басым түскен елордалық жамағат белорустың Борисов қаласының БАТЭ командасымен плей-офф кезеңінде кездеседі. Астаналықтардың қарсыластары бұл жолы Боснияның «Сараевосын» жарыс жолынан шығарып тастап еді. Олар әдепкі сыртта өткен ойынын 2:1 есебімен жеңіспен аяқтаса, өз алаңында өткен соңғы кездесуді 0:0 етіп бітірген болатын.
Енді «Астана» мен БАТЭ арасындағы ойындар 22 және 29 тамыз күндері ойналады. Біздің футболшылар бірінші матчты өз алаңында өткізеді. Осы тартыста озып шыққан команда топтық кезеңге жолдама алады.