Кадыров шешен халқы емес, Сталиннің өзі сатқын екенін айтты
ГРОЗНЫЙ. 12 қазан. Шешенстан лидері Рамзан Кадыров өзінің «тәңірі» Владимир Путиннің «кумирі» қанқұйлы тиран Сталинді сатқын деп атады. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Шешенстан басшысы Грозный қаласының 205 жылдығына арналған жиында сөйлеген сөзінде кеңес диктаторы Иосиф Сталинді сынға алды. Ол «Вайнах» МТРК telegram-каналында жарияланған баяндамасында «мұртты көсемнің» өзін артық-кемі жоқ «сатқын» деген ұғымға таңды.
«Бүгінде ешкім де шешендерді сатқын деп атай алмайды. Тек шешен халқын ғана емес, басқа да халықтарды отырған орындарынан көшіріп жіберген Иосиф Сталин сатқын болды. Ол кезде өз халқы мен республика үшін жауапкершілікті мойнына алатын басшы болған жоқ. Қазір бізде ондай команда бар. Бәрін бір адам шешпейді – біз бірлесіп шешеміз, ең жауапты шешімдерді келісіп отырып қабылдаймыз», – деді Рамзан Кадыров.
Бұл – Кадыровтың Сталин мәнзіліне қарата айтып отырған бірінші сыны емес. Ол 2017 жылы совет лидерінің шешен халқын жойып, оның нәсілін жер бетінен жоқ етпекші болғанын айтқан болатын.
Бұдан бұрын Шешенстан билігі президент Владимир Путиннің талабы бойынша қайта құрастырылып шығарылған жаңа тарих оқулығын сынаған еді. Республика парламентінің райысы Магомед Даудовтың айтуынша, оқулық Рамзан Кадыровтың пәрменімен мектептер бағдарламасынан алынып тасталған, себебі, олардың бірі тарауы Ресей «халықтарының намысына тиеді». Гәп Отан соғысы кезінде аталып отырған халықтарды депортация жасау жайында болып отыр.