Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Путин Қырым мәселесін талқылауға дайын екенін айтып қалды

МӘСКЕУ. 27 сәуір. Бұған дейін Қырым мәселесінің талқылауға жатпайтынын айтып келген Владимир Путин бүгін ол жөнінде басқаша сөз айтты. Бұл туралы DonPress хабарлады.

Агрессор ел басшысының ендігі сөзіне қарағанда, Ресей Қырым мен Донбасс мәселелері шешілмей, Украинаның қауіпсіздігіне қатысты ешқандай да келіссөз жүргізілмейді-міс. Демек, Қырымның жайы талқылау тақырыбының бірі болғалы тұр.

«Егер бұл мәселені тым болмаса алдын ала келісім жобасы шеңберінде шешіп алмай, мемлекет басшылары деңгейіне жеткізетін болсақ, онда оның еш уақытта да шешілмейтіні бізге түсінікті. Бұл жағдайда Қырымның, Севастопольдің және Донбасс республикаларының территориялық сипаттарына қатысты мәселелерді шешіп алмай, қауіпсіздік кепілі жөніндегі құжатқа біз қол қоя алмаймыз», – деді ол.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский Донбасты толық азат етіп, Қырымды қайтарып, Украина территориясының тұтастығы қалпына келтірілмейтін болса, өзінің Ресей президентімен бірге ешқандай да келіссөз үстеліне отырмайтынын бұған дейін сан мәрте айтып келді. Олай болған жағдайда, Украина өзінің аталмыш аймақтарын толық қайтарып алғанша соғыса беретін болады.

Бүгін Санкт-Петербургте Ресей парламентарийлері алдында сөйлеген сөзінде Владимир Путин сондай-ақ бұл соғысқа кімде-кім араласатын болса, оған заматында зымыранды зарп берілетін айтып, қоқан-лоқы жасады.

«Бізде бұған қатысты ешкім де айтып мақтана алмайтындай құралдардың бәрі бар. Ал біз мақтанып әуре болып жатпаймыз, бірден жедел соққы береміз! Мұны жұрттың бәрі білуі керек. Бұған қатысты шешімнің бәрі бізде қабылданып қойылған», – деді ол.

Ресей президенті соғыстағы барлық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізетінін айтып, Батыс елдеріне қарай тағы сес көрсетіп қойды. Бірақ ол өзінің ненің жайын сөз етіп тұрғанын ашып айтпады.

Путин Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты өзіне салынып отырған барлық экономикалық санкция қыспағынан шығып кете алатынына сенімді екенін білдірді.

Ол Батыстың Ресейді шеттетіп тастағанына өкпелі екенін байқатты. Ондағылар 1990, 2000 жылдары Ресейді жойып жіберуге әрекет етіпті-міс.

Бұдан әрі Ресейдің Украина тәуелсіздігіне «жолдастарша», «бауырларша» қарағанын, алайда, украиндардың «бұл достыққа алғыс айтпағанын» айтты. Сосын Украинадағы лаборатория жайлы қайдағы бір лақпа әңгімесінің соңына түсіп кетті. Соңынан депутаттарды Еуропа елдеріндегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға шақырды. Оның ойынша, солардың арасында Ресейдің саясатын жақтайтындар көп көрінеді-міс.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button