Молдова президенті Ресейден қалай қорғанатынын айтты
КИШИНЕВ. 27 сәуір. Молдова президенті Майя Санду өз елінің Ресей агрессиясынан қалай қорғанатынын айтты. Бұл туралы Newsmake хабарлады.
Молдова президенті елде қазір іс жүзінде жауынгерлік қабілеті жоғары армия жоқ екенін мойындады.
Портал баян еткендей, Майя Санду мұны Ұлттық армия Бас штабының құрылғанына 30 жыл толуы мен Мемлекеттік ту күні құрметіне сөйлеген сөзінде айтқан.
«Молдова армиясы 30 жылда жабдықсыз, әскери техникасыз және жауынгерлік құралдарсыз қалды. Қазір біз соның зардабын тартып жатырмыз», – деді ол салтанатты рәсімде.
Президент Молдованың осы себептерден «сырттан келетін қатерден тиімді қорғана алмайтынын» растады. «Өйткені, мемлекет тиісті әскери әлеуетті дамытуға көңіл бөлген жоқ, әскери инфрақұрылымның маңызды элементтерін жасамады және әскерді әлеуметтік тұрақтылыққа тәрбиелемеді», – деді ол.
Санду сондай-ақ БҰҰ мен Ұжымдық қауіпсіздік және ынтымақ ұйымы (ҰҚЫҰ) аясында бітімгершілік миссияларына қатысқан Молдова әскерилерінің кәсіби репутациялары жоғары екенін атап өтті.
Молдова президенті жақсы дайындықтағы армияның болуы елдің өзіне деген сенімін ұялатып, келген басқыншы жауға жұмыла қарсы көтерілуге серпін беретінін мәлімдеді. Сондықтан Молдова қазіргі заманғы кәсіби армия жасауға бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс.
«Бұл деген – елдің қауіпсіздігі мен қорғанысының инвестициясы… Қазір тура біздің шекарамыз маңында соғыс қимылдары жүріп жатыр, біз мұны жақсы түсінеміз, сондықтан барлық жағдайға дайын болуымыз керек», – деп атап өтті ол.