Мәдинаның соңынан оның сыңары Жәмила да Азия чемпионы болды
УЛАН-БАТОР. 22 сәуір. Моңғолия байтағында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпиоонатында Жәмила Бақбергенова чемпион атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Құрлық біріншілігі 19 сәуір күні басталған еді.
Чемпионатта 72 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Жәмила алтын медальға қол жеткізу жолындағы белдесулерде жапон, өзбек, үнді және моңғол палуандарын жеңді. Ол бұған дейін, 2020 жылы Үндістанда өткен чемпионатта да топ жарған болатын.
Бұдан бір күн бұрын Жәмиланың егіз сыңары Мәдина Бақбергенова 68 килоға дейінгі салмақта алтыннан алқа таққан еді. Ол финалда Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, қырғыз қызы Меерим Жұманазарованың 3:2 етіп ұтты.
Бұлардан бөлек, 76 килоға дейінгі салмақта Гүлмарал Еркебаева қола медальге қол жеткізді.
Ал 53 килоға дейінгі салмақтағы Жұлдыз Ешімова қола медаль үшін өзбекстандық қазақ қызы Ақтеңге Кеунімжаевамен күш сынасады.
Чемпионатта бұған дейін грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет пен Әлімхан Сыздықов чемпион атанған болатын.
Қазақстан құрамасы әзірге командалық есепте бірінші орында тұр.
Чемпионат 24 сәуір күні мәреге жетеді.