Зеленский Ресейдің «мобилизациясы» түк шешпейтінін айтты
КИЕВ. 22 сәуір. Украина президенті Ресейдің жаңа батальон-тактикалық тобы мен украин жеріндегі «мобилизациясы» оның жеңілісін жақындататынын мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Өз сөзінде Владимир Зеленский Ресей оккупанттарының Донбасс ауданына жаңа әскерлер шоғырын қайта топтастырып жатқанына және Украинаның өздері басып алған аудандарда жергілікті тұрғындарды «мобилизация» жасап, өз қатарына тартпақ болған әрекетінен түк шықпайтынына тоқталды. «Бұл тек олардың жеңілістерін жақындата түседі», – деді ол.
«Біздің мемлекетімізге қарсы соғысында жасап жатқан бірде-бір қадамы Ресейге енді көмектесе алмайды. Олар тек жеңілістің болғанын тіркейтін уақытты ғана соза алады. Бірақ оккупанттарға, – қазір не айтып жатқандарына қарамастан, – бәрібір біздің жерімізден масқара болып кетулеріне тура келеді», – деді Зеленский сосын.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресей Украинаға тактикалық батальондар топтарын әкеліп салуды жалғастырып жатыр. Қазір олардың саны 85-ке жетті. Өткен тәулікте РФ-ның сондай 3 батальоны Украинаға кірді.
Украина Қарулы күштерінің Бас штабы оккупанттардың Херсон территориясында жергілікті еркек кіндіктілерге мобилизация жариялағанын атап өтті. Бұдан кейін мұнда сондай-ақ «референдум» мен «халық санағын» жүргізбекші көрінеді.