Париж-2024: Палуан Демеу Жадыраев Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды
ПАРИЖ. 7 тамыз. Қазақстандық грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраев XXXIII Олимпиялық ойындардың күміс жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін түнде 77 келіге дейінгі салмақта финалдық белдесуге шыққан Демеу Жадыраев финалда жапон Нао Куссакиден 2:5 есебімен ұтылып қалды.
Біздің палуан күрестің бірінші кезеңінде 2:0 есебімен алда тұрды. Бірақ екінші кезеңде қарсыласына 5 ұпай беріп қойды.
Айта кетейік, Демеудің жасы қазір 35-те. Ол 1989 жылғы 2 қарашада Жетісу облысының Панфилов ауданында туған. Әлем чемпионатының 2017 жылғы күміс жүлдегері (71 кг), Азия чемпионатының 2018 жылғы күміс (72 кг), 2015 жылғы қола жүлдегері (66 кг).
Еске сала кететін жайт, Қазақстан палуандары соңғы рет Олимпиялық ойындар финалында бұдан жиырма жыл бұрын күресіп еді. Демеу сол сеңнің көбесін сөгуі арқылы да отандық грек-рим күресі тарихына өзінің атын алтын әріптермен жазып отыр.
Біздің палуан Олимпиаданың іріктеу кеңінде колумбиялық Хайр Куэро Муньосты 9:0 етіп ұтты, ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы, қырғыз Ақжол Махмудовты 3:1 етіп тізе бүктірді, ал жартылай финалда әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері, әзербайжан Санан Сулеймановтан 6:1 есебімен басым түсті. Бүгін сондай-ақ 87 келіге дейінгі салмақта белдескен қазақ палуаны Нұрсұлтан Тұрсынов ширек финалда жарыс жолынан шығып қалды.
Күміс медаль құтты болсын!