Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Қырғызстан бокс федерациясы World Boxing ұйымының құрамына кірді

БІШКЕК. 2 қараша. Бұрнағы күні Қырғызстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымына мүше болды. Бұл туралы 24.KG ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

World Boxing мұндай шешімді 31 қазанда қабылдады.

Осының алдында ғана Андорра, Бельгия, Ирак, Литва, Мадагаскар және Таиланд елдерінің бокс федерациялары аталмыш ұйымның мүшесі атанған болатын. Қазір жаңа ұйымның мүшелері саны 51-ге жетіп отыр.

Қырғызстан боксшылары биыл Париж Олимпиадасында күміс медальге қол жеткізіп, өз тарихтарында бірінші рет жүлдегерлер тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, 57 келіге дейінгі салмақта рингке шыққан Мунарбек Сейтбекуулу финалдық жекпе-жекте ғана өзбек боксшысына жол беріп алды. Қырғызстан құрамасы сондай-ақ ІВА өткізген соңғы әлем чемпионатында қола жүлде алған еді.

Айта кететін жайт, 2024 жылдың қыркүйек айында Қазақстан бокс федерациясы түрде World Boxing ұйымына мүше болуға өтінім берді. Париж Олимпиадасының алдында еліміздің ҰОК президенті Геннадий Головкин Қазақстан бокс федерациясының жаңа ұйымға қосылуы қажет екендігін айтқан-ды. Ол сонымен қатар World Boxing ұйымының олимпиалалық комиссиясына төраға болып бекітілді.

Қазіргі күндері World Boxing аясында АҚШ-та әлемнің 19-ға дейінгі жастар арасындағы тұңғыш чемпионаты өтіп жатыр. Ол өзінің финалдық кезеңіне жетті.

World Boxing – соңғы жылдары ресейлік Умар Кремлев басқарып отырған Халықаралық бокс ассоциациясына (IBA) бәсекелес балама ұйым ретінде құрылған құрылым. Оның құрылуына IBA-ның басқыншылықпен айналысып және оған қолдау көрсетіп отырған Ресей мен Беларусь былғары қолғап шеберлерін өздерінің туларымен және әнұрандарымен халықаралық деңгейдегі барлық жарыстарға қатысуға рұқсат беріп қойып отырғаны себеп болды. Осыған орай наурыз айында өткен әлем чемпионатына бірқатар елдер байкот жариялады. Ал Халықаралық Олимпиялық комитет федерациялары IBA аясында өнер көрсететін елдерді келесі Лос-Анджелес Олимпиадасына жібермейтінін осы бастан ескертіп қойды.

Әлемде қазір жемқорлық пен алаяқтық, тамыр-таныстық пен әділетсіздік, қараулық пен жалғандық жайлаған Халықаралық бокс ассоциациясы құрамында болудан бас тартып жатқан елдер қатары барған сайын көбейіп келеді. 2028 жылғы Олимпиадаға дейін оның қарамағында болатын елдер саны саусақпен санарлық қана болып қалатын шығар.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button