Спорт

«Астана» «Валлеттаны» талқандады. Есеп – 5:1

Тамыздың 8-і күні «Астана» футбол командасы өз алаңында Еуропа лигасының үшінші раундының бірінші матчын Мальтаның «Валлеттасын» қабылдап, 5:1 есебімен талқандап шықты. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
Кездесудің түпкі нәтижесіне арал-мемлекет клубы ойыншыларының ұзаққа созылған ұшу сапары әсер еткен болуы да әбден мүмкін. Қалай дегенде де, 17 сағат әуеде болу оңай нәрсе емес. Бұған қоса, қонақтар үшін оншалықты үйреншікті емес жасанды алаңның да кері нәтижесі болуы ықтимал. Осылардың нақты ықпалдары болды ма, жоқ па, әйтеуір алаң иелері ойын бойына меймандардың шат-шәлекейін шығарды. Мұны екі команданың ойын көрсеткіштері де анық байқатады. Статистика бұл ретте қақпаға соққының 24-5, тура соққының 12-3, бұрыштаманың 5-2, офсайдтың 5-2, соққыны тоқтату 2-7 есепке тізілгенін көрсетеді.
Астаналықтар ойынның 8-минутында есеп ашты. Оны Ротарудың берген пасын Сигурьонсон дәл ұрып түсірді. Арада 7 минут өткенде Логвиненко қақпа алаңында келген допты басымен бұрып жіберіп, екінші голды соқты. Ал Томасов 35-минутта дарбазаға жеке-дара барып, үшінші голды бір қапталдан қиялай салды.
Екінші таймның 57-минутында Сигурьонсон біріншісінен көп айни қоймайтын гол соғып, есепті 4:0-ге жеткізді. Ол бұл жолы да Ротарудан келген допты қақпаға тоқтатпастан бағыттай білді. Бұдан кейін мальталықтар бір доптың қарымтасын жасай алды. Оны 67-минутта Фонтанелла жасады. Бұдан кейін 80-минутта Янга матчтың соңғы нүктесін қойып берді.
«Астана» өзінің қарсыластар алаңындағы қарымта кездесуін 15 тамыз күні түнде, Қызылорда уақытымен 23:00 сағатта өткізеді. Ол келесі кезеңге өтсе, «Сараево» (Босния) – БАТЭ (Беларусь) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бұлардың бірінші ұшырасуы 2:1 есебімен белорус командасының пайдасына шешілді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button