Z-насихатшы Канделаки Қазақстаннан кейін Қырғызстанға қырғидай тиді
МӘСКЕУ. 26 қаңтар. Ресейдің жалдамалы пропагандисі Тинатин Канделаки Қазақстаннан кейін Украинаны мысалға ала отырып, Қырғызстанға «шабуылға шықты». Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Канделаки Қазақстаннан кейін Қырғызстанға тарпа бас салды, алайда оның бұл жанжалды жазбаны көп ұзатпай алып тастауына тура келді», – делінген хабарламада.
Ресейдің зет-пропагандисі Тина Канделаки Қырғызстан билігінің елдің байтағы – Бішкек қаласындағы төрт ауданның атауын өзгерту жөніндегі жоспарына байланысты кезекті қоқан-лоққы мәлімдемесін жариядап, басы дауға қалды. Ол өз сөзінде коммунизм елесінен құтылу процесі барысында советтік дәуірді еске түсіретін және Ресеймен байланысы бар көптеген қалалардың, көшелер мен басқа да нысандардың аттарын өзгерткен Украинаның қазіргі жағдайын мысалға келтірді.
Бішкек шаарының билігі совет заманынан бері келе жатқан Ленин, Свердлов, Октябрь және Бірінші май деген аудандар аттарын тәуелсіз елдің мазмұнына жарасатын атаулармен ауыстырмақшы болған. Негізі, бұл мәселе 2022 жылдан көтеріліп келеді.
Бірақ кәссіз Канделаки мұны қаперге алмады. Оның парықсыз посты Қырғызстан тұрғындарының қатты ашу-ызасын туғызып, өре тұрғызды. Жұрттың басым бөлігі ресейлік насихатшының ұятсыздығын бетіне басты. Айта кету керек, Қырғызстанда орыс тілі ресми тіл болып саналады, ләкін бұл орыстың шашбауын көтеріп жүрген ұлты картвель (грузин) пропагандисті тоқтата алмады. Дегенмен, жұрттың нөпірінен тайсалған ол артынан постын алып тастады.
«Қырғызстан – егемен мемлекет, өзінің қалалары мен көшелерін қалай қалай атайды – оның өзінің еркінде, – деп жазды Twitter пайдаланушылардың бірі. – Тина Канделаки бөтен елдің ішкі істеріне тұмсығын тыққанша, өзінің жеке проблемаларын шешумен айналыссын».
Мұның алдында Қазақстанға тиіскенінде де, бұл жолы да оған Ресей армиясының бұдан бірнеше жыл бұрын өзінің туған елі – Сакартвелоның бірнеше ауданын, Абхазия мен Оңтүстік Осетиясын тартып алғанын атап тұрып айтып еді, бірақ өзі нағыз мәңгүрт болып қалған Z-нақұрыс Тинатин Ресейді қорғаштауын жалғастыра берді.