Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жаңа әкім болып оралды
ҚЫЗЫЛОРДА. 7 сәуір. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі өкімімен Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бұған дейін ол Қазақтан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болды.
Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев 1976 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.
Еңбек жолын 1997–1998 жылдар аралығында «Казахойл-коммерция» ЖШС мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы болып бастаған. 1998-2005 жылдары жеке коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. 2005–2007 жылдары – Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары. 2007-2008 жылдары – Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, 2008-2013 жылдары – Шиелі ауданының әкімі. 2013-2021 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болды.
2021 жылғы 1 сәуірден бері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келді.
Нұрлыбек Нәлібаев бұған дейін Қызылорда қаласының әкімі болған жылдарында елді мекенді Қазақстандағы ең таза облыс орталықтарының біріне айналдыра алуымен көпшіліктің зор құрметіне бөленген еді.
Облысты 2020 жылдың 28 наурызынан бері Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы басқарды. Оның соңында аймақта әлеуметтік-экономикалық бағытта шешілмеген өте-мөте көп мәселе қалды.