Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Бучадағы жағдай БҰҰ аясында тексерілуі керек – Әшімбаев

АСТАНА.7 сәуір. Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Украинаның Буча қаласындағы қанды қасаптың БҰҰ аясында тексерілуі тиіс екенін айтты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Сенаттың жалпы отырысынан кейін спикерден Украинаның Буча қаласындағы қырғынға байланысты Қазақстанның ұстанымын сұрады.

«Бәріміз бұқаралық ақпарат құралдарынан да, әлеуметтік желілерден де Бучадағы және басқа да елді мекендерде болған жаңдайды көріп жатырмыз. Бучадағы жағдай – үлкен трагедия. Украина тарапы геноцид деп айтып жатқанын естіп жатырмыз. Ал Ресей тарапы бұны істемегенін алға тартуда. Сол себепті халықаралық ұйымдардың аясында, БҰҰ ауқымында комиссия құралады деген ойдамын. Сол комиссия объективті түрде жан-жақтан ақпаратты жинап, адамдармен кездесіп, сол жерге барып, халықаралық қауымдастыққа мәлімет бергені дұрыс. Бейбіт адамдар қаза болды. Сондықтан бұл жағдай «қалай болды, неге болды» деген сұрақтар аясында халықаралық ұйымдардың қатысуымен анықталу керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы бұл оқиға негізінде эмоцияға берілмей, БҰҰ-ның қорытынды тұжырымын күту керек екенін әңгімеледі. Ал мәртебелі халықаралық ұйым өз құзыреті шеңберінде үлкен тергеу жұмыстарын жүргізсе орынды болатынын атап өтті.

«Мұндай мәселелерге қатысты халықаралық конвенциялар да, халықаралық шарттар да бар. Бұл тұрғыда БҰҰ аясында тиісті жұмыстар ұйымдастырылғаны дұрыс болатыны сөзсіз. Қазақстанның ресми позициясын Сыртқы істер министрлігіне сұрау салып, солардан алғандарыңыз дұрыс болады. Жақында Президентіміз өз мақаласында айтып кеткендей, біз Украинаның территориялық тұтастығын сыйлаймыз. Бұл жерде позициямыз анық. Соңғы айда бұл мәселені бірнеше рет Президент те, Сыртқы істер министрі де айтты», – деді спикер.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button