Жамбыл облысына жергілікті кадр әкім болып тағайындалды
ТАРАЗ. 7 сәуір. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі өкімімен Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Премьер-министр Әлихан Смайылов бейсенбі күні облыс активіне жаңа әкімді таныстырды.
Аймақтың жаңа басшысы бұған дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген.
Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы 1967 жылы туған. Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын (1991), Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін (2008) бітірген. Инженер-механик. Экономист. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.
Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы М.Горький атындағы колхозда механик болып бастаған. Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2019 жылдың тамызынан бастап Байзақ ауданының әкімі лауазымын болған.
2021 жылдың 26 сәуірінен осы уақытқа дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Облысты 2020 жылғы ақпан айынан бері Бердібек Машбекұлы Сапарбаев басқарды.