Украина әскерлері Киев облысын жаудан толық босатты
КИЕВ. 3 сәуір. Украина Қарулы күштері Киев облысын Ресей басқыншыларынан толық азат етті. Бұл туралы segodnya.ua хабарлады.
Украин жауынгерлері Ирпень, Буча, Гостемель қалалары мен бүкіл Киев облысынан Ресей оккупациялық әскерлерін түгел қуып шықты.
Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр бұл жайында: «Қазіргі сәтте Киев облысында бірде-бір Ресей әскери қызметкері қалған жоқ», – деп жазды түнде өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович осы уақытта, яғни түнде бұқаралық ақпарат құралдары алдында дәстүрлі брифинг беріп, украин жерін жаудан босату операциясының сәтті жалғасып келе жатқанын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, орыс-украин соғысының 38-ші күнінде ұрыс қимылдарының белсенді фазасы орын алған. Оның өн бойында украин сарбаздары Киевщина аумағында өткен басты шайқаста жауды елдің солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс шекарасынан асырып, қуып тастаған.
«Бір күнде барлығы 30-ға жуық елді мекен дұшпан тырнағынан тазартылды. Өшпес ерлікке толы сәттер де аз болған жоқ. Мәселен, Дмитровка түбінде біздің жауынгерлер жанқиярлық ерлік көрсетті. Біздің екі танкіміз жаудың 10 танкілі, әбден күшейтілген әуе-десант батальонына қаймықпай шабуыл жасады. Нәтижесінде Ресей Қарулы күштерінің әлгі 10 танкісі мен БМД-ларының айтарлықтай бөлігін сол жерде жойып жіберді. Бұл – әскери жеңіс пен жоғары кәсібиліктің аса көрнекті үлгісі. Мұндай ерлік ғаламдық соғыс тарихында да өте сирек кездеседі», – деді Арестович.
Киев облысы мемлекеттік әкімшілігінің басшысы Алексей Кулеба тұрғындарға үйлеріне оралуға әлі ерте екенін жеткізді.
Оның айтуынша, қазір облыс аумағында жаудың мина қойып кеткен жерлерін тазалау, электр қуаты мен газды қалпына келтіру қолға алынған.
Көршілес Чернигов облысында да бірнеше село агрессорлар құрсауынан босатылды. Украин сарбаздары Новая Басань селосына келіп кіргенде, жергілікті тұрғындар түгел көшеге шығып, оларды қатты қуана қарсы алды.
«Біз сендерді асыға күттік!» деді олар. Осы сәттер түсірілген видеолар қазір телеграм-каналдарда толып тұр.
Село үшін кескілескен тартысты да ауыр шайқас өтті. Оның соңында агрессорлар өз позицияларын тастап шығуға мәжбүр болды. Жау жағынан адам өлімі де, әскери техникалардың жойылып кетуі де көп болды.
Бұдан басқа, Плоское, Светильное, Победа, Гребельки елді мекендері де азат етілді.
Осы екі аралықта АҚШ барлау қызметі Украина әскерлері Ресейдің өте жаңа ПВО-сын тартып алғанын хабарлап үлгерді. Жалпы, соғыстың алғашқы күндерінен Украина Қарулы күштері оккупанттар шабуылдарын қайтара біліп, олардың техникаларын тартып алып қоя бастаған еді. Ал кеше бірнеше жауынгер Ресейдің өте жаңа модель болып саналатын 9С935 маркалы кең спекторлы ПВО жүйесін қолға түсірді.