Қазақстанда Президентке қастандық жасамақ болған агент ұсталды
АСТАНА. 3 сәуір. Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өміріне қастандық жасауды дайындап жатқан тыңшы қолға түсті. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қастандық жасауға дайындалған, шетел барлауына қызмет етеді-міс деп табылған Қазақстан азаматы ұсталғаны мәлімделді», – делінген хабарламада.
Дерек Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінен алынған.
Ақпар бойынша, 25 наурызда ҰҚК-ның барлау қызметі Астанада Қазақстан Президенті мен басқа да жоғары лауазымды бірқатар қызметкерге қастандық жасауды жоспарлапты-мыс деген желеумен Қазақстанның «шетел барлауының тыңшысы» деп есептелген «А» деген азаматын ұстаған. Ол осымен бір мезгілде арнайы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террорлық актілер жасауды межелеген көрінеді.
Күдіктінің үйіне тексеру-тінту жүргізу нәтижесінде шетел өндірісінің дыбыс басқышы бар мергендер винтовкасы, есірткі заттары мен ірі сомадағы ақша алынған. Қару Қазақстанға бөлшектеліп, бөлек-бөек етіліп, өте шебер жасырылып жеткізілген.
Хабарламада бұдан бөлек, «А» есімді агенттің Қазақстанда «антиресейлік насихат» жүргізіп, әлеуметтік желілерде тиісті материалдарды жариялау жолымен қоғамда «русофобиялық көзқарас» жасау жөніндегі тапсырманы орындай бастағаны айтылады.
Қазақстан азаматы алдын ала тергеу барысында жоғарыда аталған іс-әрекеттерді өзі мойындаған.
Оның үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.