Маляр: Беларусь Украинамен соғысқа дайындалып жатыр
КИЕВ. 1 сәуір. Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр Беларусьтің Украинамен соғысуға қызу дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы «Укринформ» хабарлады.
Агенттік Ресейдің Гомельге ракета кешендерін әкеліп қойып жатқанын, демек, Беларусьті агрессия жасауға пайдаланбақ болып отырғанын атап өтті.
Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр украин телеарналарының эфирінде сөйлеген сөзінде Беларусьтің соғысқа қосылу ықтималдылығы соңғы күндері еселеп артқанын айтты.
«Жау өзінің Дон және Луган облыстарын толық басып алу жоспарынан қайтар емес. Ол сондай-ақ Харьков облысына да көз тігіп, осы мақсатта әскерін қайта топтастырып, мұндағы позициясын нығайтып алуға күш салуда. Біз қазір жаудың Гомель ауданына ракета кешендерін жөнелтіп, оларды шоғырландырып жатқанын бақылап отырмыз. Шамасы, осы жерден ракетамен соққы жасауды немесе оларды арандату мен қорқытып-үркіту құралы ретінде пайдалануды көздейтін сияқты. Сондықтан РФ Беларусь территориясын белсенді агрессия жасаудың плацдармына айналдыруды жалғастырып жатыр», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, дұшпан өзінің бұрынғы бірде-бір жоспарынан бас тартқан жоқ, тіпті Киев және Чернигов облыстарынан әскерлерін әкетуді де өз еркімен емес, Украина қарулы күштерінің жұмыстары нәтижесінде амалсыздан жасап отыр.