Путиннің қызы санкция салдарынан күйеуінен ажыраспақшы
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. 25 наурыз. Ресей президенті Владимир Путиннің үлкен қызы Мария Воронцова голландтық бизнесмен күйеуі Йорит Фаассенмен ажырасқалы жатыр. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.
Отбасының шырқы бұзылуына Ресей билігіне жан-жақтан салынып жатқан санкцияның да әсері аз болмаған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының дерегі бойынша, Воронцова күйеуімен бірге Санкт-Петербургке жақын жерден ауқатты шетелдіктерге арналған элиталы медициналық орталық ашпақшы болған. Алайда, бұған кейінгі кездегі шектеулер мүмкіндік бермеген.
«Олардың жоспарында орталыққа Еуропадан пациенттерді, Парсы шығанағындағы елдерден ауқатты шейхтерді тарту болған. Бірақ Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейін мұндай қайдағы еуропалықтар мен шейхтер келсін?» – дейді ресейлік журналист Сергей Канев.
Оның пікірінше, Путин өзінің бассыз басқыншылық әрекетімен өзінің қызының жолын да жауып тастап отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бірқатар уақыт алдын француз белсендісі Пьер Афнер Путиннің кіші қызы Екатерина Тихонованың бұрынғы күйеуі Кирилл Шамаловтың Биаррицтегі вилласын басып кірген еді. Ол мұнда украин босқындарын жайғастыратынын айтып отыр.