Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Италия мундиаль түйіспе матчында сенсациялық жеңіліс тапты

РИМ. 25 наурыз. Бүгінге қараған түні футболдан Италия құрамасы өз алаңында әлем чемпионатының түйіспе матчында Солтүстік Македония командасын қабылдап, 0:1 есебімен сенсациялық жеңіліске ұшырады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Еуропаның қазіргі чемпионы бұлай ұтыла салады деп ешкім ойлаған жоқ. Аталмыш ойын плей-офф кезеңінің жартылай финалдық кездесуі болатын. Мұнда жеңіске жеткен команданы Португалия – Түркия текетіресінде жеңімпаз атанған команда плей-офф финалында күтіп тұрған еді. Сонда басым түскен терме жамағат қана Катарда өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне бара алатын.

Матчта қарсыластар 90 минут бойы бір-бірін ала алмады, ойында ешқандай гол соғылған жоқ. Алайда, кездесуге қосылған қосымша уақытта меймандар – македониялықтар күтпеген жерден гол салып кетті. Әріптесі Боян Миловскиден доп алған Александр Трайковски оны 92-минутта қақпаға дәл бағыттай білді.

Осымен Италия қатарынан екінші мундиальға бара алмайын деп отыр. Ол 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатынан да осылай тыс қалып еді.

Ал Солтүстік Македония шешуші матчта осы жолы өз алаңында түріктерді 3:1 етіп ұтқан Португалия командасымен кездеседі.

Сол сияқты маусым айында Шотландияда алаң иелерін ұтқан жағдайда Украина құрамасы осы жолы Аустрияны 2:1 етіп тізе бүктірген Уэльс жігіттерімен жалғыз жолдама үшін күреседі.

Тағы бір финалды Польша мен Швеция құрайды. Осы күні шведтер өз алаңында чехтарды 1:0 есебімен жеңді. Ал Польша турнирден шығарылып тасталған Ресей құрамасымен кездеспей-ақ финалға жолдама алды.

ӘЧ-2022 плей-оффы жартылай финалдық матчтарының нәтижелері

Италия – Солтүстік Македония 0:1
Гол: Трайковски (90+2)

Португалия – Түркия 3:1
Гол: Отавио (15), Жота (42), Нунес (90+4) – Йилмаз (65).

Уэльс – Аустрия 2:1
Гол: Бэйл (25, 51) – Дэвис (65, автогол)

Швеция – Чехия 1:0
Гол: Квайсон (110)

ӘЧ-2022 плей-офф финалында мына құрамалар ұшырасады:

Уэльс – Шотландия/Украина

Польша – Швеция

Португалия – Солтүстік Македония.

Осының қарсаңында Азия құрлығынан Жапония мен Сауд Арабиясы 2022 жылы желтоқсанда Катарда өтетін әлем чемпионатының финалына шықты.

(Суретте: Италия құрамасының ойыншысы Guglielmo Mangiapane)

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button