Француз белсендісі Путиннің қызының вилласын басып алды (видео)
ПАРИЖ. 14 наурыз. Француздың белсендісі Пьер Афнер Путиннің қызының вилласына кіріп, ондағы құлыптарды ауыстырып жіберген. Бұл туралы The Insider басылымы хабарлады.
Журналистік тексеру ісін жүргізуге маманданған газет француздың Биарриц қаласында жергілікті белсенді Пьер Афнердің Путиннің қызы Екатерина Тихонованың «Альта Мирадағы» вилласына басып кіріп, оның құлыптарын ауыстырып шыққанын жазды. Ол өзін Путин режимінің құрбаны санайтынын, сосын осы вилланы алатынын және оған украин босқындарын кіргізетінін мәлімдеген.
Газеттің жазуынша, вилланың сегіз жатын бөлмесі, үш ванна бөлмесі бар. Басылым белсендінің оның ішінде Украина жалауымен жүрген видеосын да жариялаған.
Басып алынған вилла «9 avenue du general Mac-Croskey» мәнзілі бойынша орналасқан.
Бұған қоса, «ВВП. Стратегия развития» журналынан «Рутиннің әмияны» Геннадий Тимченко мен Тихонованың күйеуі Кирилл Шамаловтың құжаттары табылған.
Солармен бірге Путиннің бұрынғы күйеу баласы Кирилл Шамаловтың паспортының көшірмесі, сондай-ақ Мәскеуде электр жарығы үшін төленген есепшотының француз тіліне аударған шегі шыққан.
Вилладан сондай-ақ «Финляндия азаматы Геннадий Тимченконың» жөндеу жүргізуге тиісті болған француз азаматшасы Франсуа Дюшосальдің атына 2009 жылы жазған сенімхаты да табылған.
Франциядағы жылжымайтын мүліктер реестрінде 2007 жылы вилланың Геннадий Тимченконың атына тіркелгені, 2012 жылы Шамаловқа берілгені көрсетіліп тұр.
Путиннің Атлант мұхиты жағалауында жылжымайтын мүліктері мен ақшалары сақталғаны туралы ақпарды сонау 1996 жылы-ақ саясаткер Александр Беляев жариялаған болатын.
Жалпы, Путиннің қатысы бар виллалар мұнымен бітпейді.