Қызылорда облысынан 250 млн тонна мұнай қоры табылды
АСТАНА. 4 наурыз. Қызылорда облысының аумағынан қосымша 250 миллион тонна мұнай қорының табылғаны белгілі болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
«Қызылорда облысы үшін ерекше жаңалық деп айтуға болады. Отандық «Соутс-Ойл» мұнай компаниясы қосымша 250 млн тоннаға жуық мұнай қорының табылғанын жариялады», – деп жазды әлеуметтік желіде осыған байланысты Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Осы ретте сенатор облыста 2012 жылы 12 млн тонна мұнай өндірілсе, өткен 2021 жылы оның деңгейі 4, 6 млн тонна ғана болғанын атап көрсетеді. Ал жаңадан табылып жатқан кен орны мұндағы жұмысты қайта жандандыратын болады.
«Демек, жаңа кеніштер облыс экономикасына қосымша қаржы, жұмыс орындарын береді деген сөз. Және бұл мұнайды өндіруге жаңа технология қолданылып, сланецтік әдіспен өндіріледі. «Саут-Ойл» компаниясының басшысы Серікжан Сейтжанов мырзаның айтуынша, жаңа технология АҚШ-та ғана қолданылады екен. Құмкөл кешенінде қазір мұнайды 1500-2000 мың метр тереңдікте алып жатса, енді мұнайды 3900-5000 метр тереңдікте алуға мүмкіндік туады. Осы тереңдікте бүкіл Құмкөл алқабында миллиард. тоннаға жуық мұнай запастары болуы мүмкін. Осы байлық қызылордалықтардың несібесі болуы керек», – деген түйін жасайды соңынан Мұрат Бақтиярұлы.
Осы оқиғаға байланысты бүгін Астанадағы «Hilton Astana» мейманханасында «Саутс-Ойл» компаниясының бастамасы бойынша ҚР Парламентінің депутаттары, Энергетика министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Атамекен» ҰКП, «Кaznergy» мұнай-газ және энергетика секторы ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ, РТ-БашНИПИнефть, «Қазгеология» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және Қазақстан мұнай-газ секторының басқа да кәсіпорындары өкілдері қатысқан «дөңгелек үстел» өткізілді.
Басқосуда «Саутс-ойл» ЖШС-ның геология және игеру жөніндегі вице-президенті Ш.Қ. Мұхаметрахимов Қазақстанда Оңтүстік Торғай шөгінді бассейнінің көмірсутекті шикізатының мұнай материалы жыныстары бойынша қорларды өсіру технологиясы туралы сөз қозғады.
«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімеге мұнай-материалдық қабаттарды игеру саласындағы жетекші ресейлік ғылыми-зерттеу институты-РН-БашНИПИнефть өкілдері қатысты, олар қазіргі уақытта қолданыстағы озық технологиялармен және нормативтік-құқықтық базаны модернизациялаудың ресейлік тәжірибесімен, заңнамаға «қиын қорлар» ұғымын енгізумен және келісімшарт аумақтары бойынша салық ауыртпалығын төмендету бойынша ақпаратпен бөлісті.
Парламент депутаттарынан және мемлекеттік органдар мен мұнай-газ саласы ұйымдары өкілдерінен бірқатар сұрақтар қойылып, оларға тиісті жауаптар қайтарылды.
«Саут-Ойл» ЖШС бастамаларына Парламент депутаттары тарапынан да, мемлекеттік органдар өкілдері тарапынан да қолдау білдірілді.
«Дөңгелек үстел» қорытындысы бойынша алынуы қиын қорлардың есебінен Қазақстанның ресурстық базасын өсіруге және инвесторлар үшін шығарылуы қиын қорларды әзірлеудің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін тиісті заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу мақсатында мемлекеттік органдардың өкілдерімен қажетті құжаттарға қол қою туралы шешім қабылданды.