Брюссельде НАТО-ның шұғыл шақырылған кездесуі басталды
БРЮССЕЛЬ. 4 наурыз. Брюссельде осы сағаттарда Солтүстік атлантика одағы кеңесінің шұғыл кездесуі өтіп жатыр. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.
Кездесуге НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері, альянстың бас хатшысы Йенс Стольенберг және Еуропа одағының бас дипломаты Жозеп Боррель қатысуда, Кездесуге сондай-ақ НАТО мүше емес елдер – Финляндияның, Швецияның және Украинаның өкілдері де шақырылған.
«Біз бүгін Ресей Федерациясының Украинаға өрескел басып кіруі мен бұл оқиғалардың ұзақ мерзімді зардаптарына өзіміздің қалай қарайтындарымызды үйлестіру үшін жиналып отырмыз», – деді кездесу алдында Столтенберг баспасөз құралдары өкілдеріне.
Ол Запорожье облысындағы атом-электр станциясы мен сол облыстағы тұрғындарды атқылауды айыптады. Осыған байланысты Украинаны қолдап, оған көмек көрсететіндерін айтты.
«Сонымен бірге НАТО жанжал тарапын ұстанатын ұйым емес. НАТО – қорғаныс альянсы, біздің Ресеймен соғысқымыз келмейді. Бірақ бізге өз одақтастарымызды қорғауға дайын екендігімізге қатысты түсінбеушіліктер болмауын қалаймыз», – деді Столтенберг.
Соңынан НАТО-ның шығыс қапталын күшейтуге көмектескен АҚШ пен Канадаға алғыс сезімін білдірді.