АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Қызылордада облыс әкімі ардагерлермен және зиялы қауыммен кездесті

ҚЫЗЫЛОРДА. 27 ақпан. Бүгін Қызылордадағы «Достық үйінде» Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Достық үйінде» ардагерлермен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Кездесуге Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Икрам Адырбеков қатысты.

Облыс әкімі халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқанын айтып, Конституциялық реформаға тоқталды.

«Президентіміздің Жарлығымен 21 қаңтарда Ата Заңымызға өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстарды тұжырымдайтын Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның қорытынды шешімінің нәтижесімен Мемлекет басшымыз 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу жөнінде Жарлыққа қол қойды.

Конституция жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы сақталып, мемлекеттің унитарлы сипаты мен шекарасына, аумақтық тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған. Елдігіміздің басты нышаны саналатын жаңа құжатта «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындалған. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған саяси науқандар мен реформаларды жүзеге асыруда Сыр жұртшылығы береке-бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеді», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп ерекше атап өтіп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын бергенін атап өтті. «Алдағы уақытқа да Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, сәулеттік келбетін жаңартуға, заманауи ғимараттардың бой көтеруіне бағытталған жаңа жобалар жоспарланған. Бұл бастамалар ардагерлеріміздің ақыл-кеңесімен, тұрғындарымыздың сұранысына сәйкес іске асуда. Еліміздің тұрақты дамуы мен халықтың бірлігін сақтауда ардақты ардагерлеріміздің орны ерекше», – деді ол сосын.

Жиында Мұхтар Алтынбаев пен Икрам Адырбеков сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері Бекмырза Еламанов, Ибрагим Әбибуллаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры, облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция жетекшісі Наурызбай Байқадамов Конституциялық реформаға қатысты пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ Конституциялық реформа жөнінде жарты жылға жуық уақытқа созылған, әртүрлі алаңдарда жүргізілген жалпыхалықтық талқылаулар қоғамның саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі екені айтылды. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты. Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің іргелі негіздері, басты құндылықтары мен дүниетанымдық ұстанымдары жүйеленіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.

Еске сала кетейік, Сыр бойында өткен тарихи маңызды жиында Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында 48 млрд 500 млн теңгеге перзентхана, 14 млрд 780 млн теңгеге емхана салынатынын, 36 млрд 400 млн теңгеге көп бейінді аурухананың құрылысы басталғанын мәлімдеген еді. Өткен аптада аталған медицина нысандарының және Титов қыстағында ауысымына 400 келушіге арналған емхананың іргетасы қаланды.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button