Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Ресей Украинаға агрессияның 4 күнінде триллион доллар жоғалтты

МИНСК. 28 ақпан. Ресей Федерациясы Украинаға жасаған басқыншылық соғысының алғашқы 4 күнінде 1 триллион долларға жуық ақшасынан айырылды. Бұл туралы белорустың оппозициялық «БелСАТ» порталы хабарлады.

Агенттік бұл байламды белорус экономисі Ярослав Романчуктің (суретте) пікіріне сүйеніп жариялады. Ол мұны әлі үлкен шығындардың басы ғана деп есептейді. Ресейдің экономикалық жағынан күйрейтін күні алда.

Сарапшы осы ретте Ресейдің 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімі (ВВП) 1 триллион 770 миллион долларды құрағанын еске түсіреді.

Ал Украинамен соғыстың алғашқы 4 күні ішінде ресейліктер өзінің мыңдаған солдаты мен жойылып кеткен әскери техникалары түрінде жүздеген миллион доллардан ғана айрылып қоя салған жоқ.

Экономист Ярослав Романчук тек 27 ақпанға қараған күні-ақ Ресей жалпы ішкі өнімін 855 миллиард долларға дейін түсіріп алғанын атап өтті. Осылайша, сарапшының пікірінше, Ресей Украинаға агрессиясы салдарынан 915 миллиард долларын жоғалтты.

«Соғыстың жүріп жатқанына апта да болған жоқ, ал агрессор осы кезге дейін 1 трилион долларға жуық ақшасынан айрылып қалды. Егер осымен бірге активтер, жылжымайтын мүліктер, жер, сақталған ақшалар құндары айтарлықтай азайып кеткенін, несие нарығы мен төлем жүйесінің қолжетімділігі күрт нашарлағанын ескерсек, Ресейдің шығыны үш триллион доллардан асып түсер еді», – деген болжам айтты сарапшы.

Оның есебі бойынша, өткен жылы жалпы ішкі өнім әрбір ресейлікке орта есеппен 12 мың доллардан келген. Бірақ соғыстың төрт күні ішінде бұл көрсеткіш 5 мың 850 долларға дейін құлады. Осылайша Ресейдің әрбір азаматы 6 мың 150 доллардан жоғалтып алды.

Құлдырау мұнымен де бітпейді. Экономистің айтуынша, қазір доллардың бағамы – 84 ресей рублі. Алайда, ашық валюта алаңдарында доллар 153 рубльден сатылып жатыр.

Бұдан шығатын қорытынды: Путин Украинаға соғыс ашамын деп, елдің де әл-ауқатын қатты түсіріп жбіерді.

«Енді қарапайым ресейліктің қолына валюта тимейді. Ол шетелге де шыға алмайтын болады. Сапалы тұтыным тауарларын сатып алу мүмкіндігінен де қағылады. Жұрт тура Солтүстік Кореядағыдай болып, әлемнен оқшауланып өмір сүреді», – деп қорытты Ярослав Романчук.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button